Павлодарда жоғарыдан тасталған мұз кесегі жас ананың басын жарды

28.07.2026 16:57

Оқыс жағдай 3 апта бұрын болса да, әлі ешкім жауапқа тартылмапты

Төбесінен жай түсті. Павлодар тұрғыны жас анаға мұз кесегін лақтырып, басын жарды. Оқыс жағдай облыс орталығында 8 шілдеде болған, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

3 жастағы баласымен Назарбаев даңғылындағы №157 үйдің маңынан өтіп бара жатқан әйелге жоғарыдан әлдебіреу қатты затты тастап жіберген. Сол сәтте бесік арба төмен қарай сырғып кетеді. Ауыр соққы алып, қансырағанына қарамастан жас ана баласының артынан тұра жүгіреді. Абырой болғанда, бүлдіршін дін-аман екен. Кейін келіншек ауруханаға жеткізіліп, алғашқы көмек көрсетілген. Дәрігерлер оған ми шайқалуы және бастың соғылған жарақаты диагнозын қойып, алты тігіс салған.

«Тексеру барысында әйелдің сол жақ самай тұсынан жарақат алғаны анықталды. Бірден алғашқы хирургиялық көмек көрсетіліп, тігіс салынды және таңғыш қойылды. Науқас нейрохирургия бөліміне жатқызылды. Алты күннен кейін жағдайы жақсарып, ауруханадан шығарылды», – деді ¤Павлодар қалалық № 1 ауруханасының баспасөз қызметі.

Бір қызығы, оқыс жағдай 3 апта бұрын болса да, әлі ешкім жауапқа тартылмапты. Полиция қызметкерлері әлеуметтік желідегі жазбалардан кейін ғана мәселеге көңіл аударған. Қазір аталған жайтқа қатысты қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

«Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру дерегі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Қазір осы іске қатысы бар тұлғаны анықтау және оны заң алдында жауапкершілікке тарту үшін жан-жақты шаралар қабылданып жатыр. Қылмыстық іс Павлодар облысы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында», – деді Полиция басқармасы Оңтүстік полиция бөлімі бастығының орынбасары Алтынбек Мадияров.

Оқи отырыңыз: Алматыда балалардың есту қабілетін ерте анықтайтын алғашқы трекинг-орталық ашылды