Туыстарының сөзінше, 21 қазанда тіс емдеу кезінде бүлдіршіннің тыныс алуы қиындап, хәлі нашарлаған
Павлодарда жеке стоматологиялық клиникалардың бірінде тісін емдетіп, комаға түскен үш жасар қыздың жағдайы ауыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазір өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған бала үшінші тәулік қатарынан өмірі үшін арпалысып жатыр. Туыстарының сөзінше, 21 қазанда тіс емдеу кезінде бүлдіршіннің тыныс алуы қиындап, хәлі нашарлаған. Алайда дәрігерлер анасының дабылына қарамастан жұмысын тоқтатпаған. Салдарынан бала есінен танып қалған. Қыздың жүрегі бірінші жедел жәрдем көлігінде, кейін облыстық балалар ауруханасында тоқтаған. Ал тіс емханасының өкілдері барлық ем-шара медициналық хаттамаларға сәйкес жүргізілетінін айтады.
«Қазақстан Республикасының медициналық хаттамаларына сәйкес барлық ем-шара қатаң түрде жүргізіледі. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін анықтау үшін тексеріс жүргізіліп жатыр. Ресми тергеу аяқталғанға дейін клиника қызметкерлерінің кінәсі туралы қандай да бір қорытынды жасау ерте», – деді жекеменшік тіс емханасының өкілі.
Облыстық балалар ауруханасының мәліметінше, қыз бала медициналық мекемеге аса ауыр жағдайда жеткізіліп, бірден жансақтау бөліміне жатқызылған. Қазір оның жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланып отыр. Дәрігерлер бүлдіршіннің жағдайын күнделікті бақылап, консилиум ұйымдастыруда. Емдеу шараларына «Ана мен бала» Ұлттық ғылыми орталығының және Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының мамандары да тартылған. Ал құқық қорғау органдары бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерделеп жатыр. Тексеріс қорытындысы бойынша медицина қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға беріледі.
Оқи отырыңыз: Павлодарда волейболшы қызды ұрған бапкер жұмыстан қуылды