Қазіргі уақытта жазатайым оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті жазатайым оқиға бойынша тексеру жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Өңірлік жедел жәрдем стансасы 23 қыркүйек күні күндізгі сағат үштерде Павлодар қаласындағы № 2 ЖЭО-дан шақырту түскенін хабарлады. Медициналық бригада оқиға орнына 9 минутта жеткен. Өкінішке қарай, зардап шеккен азамат дәрігерлер келгенге дейін көз жұмған.
"Павлодарэнерго" АҚ-ның 2-ЖЭО аумағында "Екібастұз" ЖК қосалқы мердігерлік ұйымы қызметкері көз жұмды. Оқиға салдарынан 1992 жылы туған 4-санаттағы дәнекерлеуші ауыр жарақат алған. Қазіргі уақытта жазатайым оқиғаның мән-жайы мен себептерін, сондай-ақ еңбек қатынастарын анықтап жатырмыз, – деп хабарлады еңбек инспекциясы комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінен.
Мамандар қаза болған жұмысшының биіктіктен құлау дерегі анықталмағанын, оқиғаның мән-жайлары тергеп-тексеру барысында нақтыланатынын жеткізді.
Оқи отырыңыз: Алматы әкімі Жетісу ауданындағы су құбырының қайта жаңғырту барысын тексерді