Синоптиктердің болжамынша, алдағы мамырда ауа температурасы +28 градусқа дейін көтеріледі
Павлодарлық төтеншеліктер күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Өйткені, өңірде өрт қаупі жоғары, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Синоптиктердің болжамынша, алдағы мамырда ауа температурасы +28 градусқа дейін көтеріледі. Ал мұндай жағдайда табиғи апаттың туындау ықтималдығы артады.
Былтыр дәл осы кезеңде аймақта 100-ден аса орман, 79 дала өрті тіркелген. Сәйкесінше, құтқарушылар жалынның алдын алу мақсатында Ертіс орманы мен Баянауыл ұлттық паркін бақылауға алды.¤
«Бұл шаруаға 118 адам мен 36 техника жұмылдырылды. «Ертіс орманы» аумағында өртті ерте анықтау жүйелері орнатылған. Сонымен қатар «Ғарыш сапары» арқылы мониторинг жүргізілуде. Бұдан бөлек, төтеншеліктер рейдтік шараларды ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен жүзеге асырып жатыр», – деді облыстық ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Тілекжан Ғалямов.
Апат болған жағдайда МИ-8 тікұшағы жұмылдырылады. Техника бір мезетте 5 тоннаға дейін су жеткізе алады. Тіпті зардап шеккендерді де эвакуациялауға пайдаланылмақ. Департаменттің хабарлауынша, бүгінде төтеншеліктер орман өрттерін сөндіру бойынша арнайы оқу жаттығулар өткізіп, дайындығын пысықтап жатыр.
Оқи отырыңыз: Бағанашылдағы балалар үйі заманауи талаптарға сай қайта бой көтермек