Байқауда ұсынылған жобалар педагогикалық идеялардың өзектілігі мен білім беру жүйесіне ықпалы тұрғысынан бағаланды
Оңтүстік астанада ұстаз мәртебесін көтеруге бағытталған «Инновациялық педагогикалық идеялар фестивалі» өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Білім беру сапасын дамытуды мақсат еткен іс-шара Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде ұйымдастырылды. Фестиваль аясында қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінен бастап, физика, математика, жаратылыстану, тарих, құқық және дене шынықтыру пәндерінің педагогтері әдіс-тәсілін ортаға салып, жаңашыл идеясын бөлісті.
«15 мектептен келген педагогтар отыр. Өздерінің әдіс-тәсілін, идеясын фестивальде көрсетеді. Сондықтан іс-шара – педагогтар үшін және балаларымыздың ары қарай білім сапасын арттыру үшін өте қажетті, маңызды алаң болып есептеледі», – деді оқу орнының директоры Сағат Сырлыбаев.
Байқауда ұсынылған жобалар педагогикалық идеялардың өзектілігі мен білім беру жүйесіне ықпалы тұрғысынан бағаланды. Қатысушылар жұмысын таныстырып, кәсіби шеберлігін көрсетуге мүмкіндік алды. Қатысушылардың айтуынша, іс-шаралар білім беру саласын жаңғыртуға ғана емес, педагог мәртебесін арттыруға да үлес қосады.
«Менің мақсатым – физиканы тереңдете оқытып, балаларға жаңашыл программаларды, жаңашыл порталдарды, физиканы тереңірек ұғындырып, жаңа бағдарламаларды ұсынамын», – деді оқу орнының физика пәні мұғалімі Бағлан Беделбаева.
Оқи отырыңыз: Жас зерттеушілер: елімізде оқушылардың академиясы құрылады