Сотталушылар өздерін фото және бейнежазбаға түсіруге тыйым салуды сұрады
Астанада Перизат Қайратқа қатысты алдын ала сот тыңдалымы басталды. Ол қайырымдылық мақсатында жиналған қаражатты жымқырды деген күдікке ілінген болатын, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Іnformburo.kz-ке сілтеме жасап.
Айыпталушылар орындығында оның анасы Ғани Алашбаева да отыр. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол қызына қайырымдылықтан жиналған қаржыны жымқыруға және оны жеке мақсатқа жұмсауға көмектескен.
Перизат Қайрат пен анасы сот отырысына журналистердің қатысуына қарсы болып, бұқаралық ақпарат құралдарына бейнетүсірілім жүргізуге тыйым салуды сұрады. Сонымен қатар процесті жабық режимде өткізу туралы өтініш те қаралды.
Перизат Қайраттың айтуынша, іс материалдарында жеке ақпараттар, оның ішінде банктік деректер көп. Осыдан кейін судья кеңесу бөлмесіне шешім қабылдауға кетті.
Бұған дейін апелляциялық сот Перизат Қайрат құрған «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоғамдық бірлестігін тарату туралы шешімді күшінде қалдырған еді.
Тергеу мәліметінше, Перизат Қайрат пен оның анасы Ғани Алашбаева мүмкіндігі шектеулі балаларға, су тасқынынан зардап шеккендерге және Таяу Шығыстағы қақтығыстардан жапа шеккендерге көмек көрсетуді желеу етіп, Қазақстан азаматтары мен ұйымдарынан жиналған 3,5 миллиард теңгені жымқырған.
Перизат Қайрат қайырымдылыққа деп жиналған қаржының басым бөлігін жылжымайтын мүлік пен қымбат бұйымдар алуға жұмсағаны айтылды.
Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі бұл іске қатысты егжей-тегжейлі мәлімет ұсынған болатын.
Оқи отырыңыз: Атырау облысында бір ауылдың 2 баласы Жайыққа батып кетті