Петропавлда 75 жастағы әйел діни кітап сатқаны үшін сотталды

08.12.2024 16:49

Зейнеткердің діни оқулықтарды саудалағанын полиция инспекторы да растады

Photo by Tingey Injury Law Firm on Unsplash

Петропавлдық 75 жастағы қария үйінде діни кітаптарды сатқаны үшін сотталды. Енді кейуана 74  мың теңге шамасында айыппұл төлеуі тиіс, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Qazaqstan Media-ға сілтеме жасап

Петропавл қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотында 75 жастағы қала тұрғынына қатысты іс қаралды. Татьяна Землякова өз үйінде заңсыз діни кітаптарды сатқан.  Сол үшін оған Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекстің 453-бабы бойынша айып тағылды.

Сотқа жолданған іс бойынша, петропавлдық Татьяна Землякова өз пәтерінде мамыр айында діни негіздегі төрт кітапты сатқан. Олар ел аумағында сатуға тыйым салынған екен. Сот отырысында қария кітаптарды сатқанын мойындады, бірақ олардың діни бағыттағы кітап екеніне келіспеді.

"Тұрғынның діни оқулықтарды саудалағанын полиция инспекторы да растады. "Откровения Ангелов-хранителей: Начало" атты кітаптардың мазмұнына бірнеше сараптама жасалған. Олардың қорытындысы бойынша, бұл ел аумағында тыйым салынған жазбалардың қатарына жатады", - делінген хабарламада.

Айта кету керек, алғашында бұл іс қылмыс ретінде тіркелген. Алайда сот барысында қылмыс құрамы анықталмай, іс тоқтатылды. Бірақ кейін әкімшілік құқық бұзушылық ретінде қайта тіркелді. Өйткені ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңына сәйкес, діни оқулықтар арнайы рұқсат етілген жерлерде ғана сатылуы тиіс. Осы негізде сот өз үкімін шығарды.

"Землякова Татьяна Антоновна Қазақстан Республикасының Әкімшілік және әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 453-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылсын. Одан масс-медиа өнімдері тәркіленіп, 73 840 теңге әкімшілік айыппұл салынсын", — деп жазылған сот үкімінде.

Оқи отырыңыз: Қарағанды облысында адасып кеткен туристер құтқарылды