Петропавлда ескі үйлердің орнына жаңа шағынаудан салынып жатыр

21.09.2026 20:29

Үйі мемлекет қажетіне алынатындарға баспана немесе ақшалай өтемақы ұсынылады

Петропавлда ескі үйлердің орнына жаңа шағынаудандар бой көтеріп келеді. Бір қарағанда бұл – қаланы жаңартуға бағытталған маңызды шаруаның бірі. Бірақ сол үйлерде жылдар бойы тіршілік етіп келе жатқан тұрғындар үшін бұл өзгерістің жөні бөлек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Хайруллиндер отбасы бұл үйде жиырма жылдан астам уақыт тұрып келеді. Жанұя баспананың іргетасын өздері қалап, керегесін көтерген. Сондықтан мұндағы әр бөлменің, әр бұрыштың өз тарихы бар. Бірақ алты жыл бұрын отбасы үйдің сүрілетін нысандар тізіміне енгені туралы хабар алған. 

"Шамамен 6 жыл бұрын сүрілетін үйлердің қатарына кіретініміз туралы хабарлама келді. Биыл әкімдікке барып, жағдайды білдік. Әзірге нақты ештеңе айтқан жоқ, құжаттарымызды қабылдады. Айналадағы үйлердің сүріліп жатқанын көріп жүрміз, кейбір тұрғындар көшіп те кетті. Біздің баспананың орнында сквер болады деп естідік", - деді қала тұрғыны Мәрзия Хайруллина.

Хайруллиндер отбасы жаңа баспанаға көшуге қарсы емес. Олар үшін ең маңыздысы - ұсынылатын баспананың жағдайы немесе төленетін өтемақының көлемі. Кей тұрғындардың пікірінше, жаңа мекенге көшу - қаланың дамуымен қатар келетін қалыпты үдеріс.

Қазір қаладағы сүрілуі тиіс үйлер бірнеше шағынауданда орналасқан. Бүгінде оларға қатысты жұмыстар жалғасып жатыр. Әр учаске бойынша құжаттар рәсімделіп, тұрғындарға берілетін баспана мен өтемақы мәселесі шешілмек. 

"Бұл жер учаскелері әлеуметтік маңызы бар және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін қажет. Атап айтқанда, тұрғын үйлер, әлеуметтік және спорт нысандары, жолдар мен жол өткелі, қорғаныс бөгеттері, сондай-ақ облыстық сот ғимараты салынады", - деді ТҮКШ, Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы Бердімұрат Баймұқанұлы.

Айта кетейік, қалада жыл басынан бері мемлекеттік қажеттілік үшін 90-ға жуық жер телімі алынған. Ал қазір тағы 72 учаскеге қатысты 35 қаулы әзірленіп жатыр.

 Гүлмарал Изтілеуова, Петр Акутионов,  СҚО-дан

Толық көрсету