Петропавлдық оқушы қарттардың қауіпсіздігіне арналған құрылғы ойлап тапты

20.11.2026 17:15

Бұл жобаны қолға алуға оқушыға атасының басынан өткен оқиға түрткі болған

Петропавлда оныншы сынып оқушысы қарт адамдардың денсаулығын бақылауға арналған электронды көмекші әзірледі, деп хабарлайды Almaty.tv.

Құрылғы адамның жағдайын қадағалап, қауіп төнген жағдайда жақындары мен жедел қызметтерге хабарлама жібереді. Бұл жобаны қолға алуға оқушыға атасының басынан өткен оқиға түрткі болған. Жас өнертапқыштың жұмысы республикалық ғылыми жобалар байқауында үздік деп танылды.

Қарт адамның денсаулығы кенет сыр бергенде, әр минут қымбат. Петропавлдық оныншы сынып оқушысы Артур Штейнер осыған назар аударған. Атасының басынан өткен жағдайдан кейін ол жақындары жанында болмаған кезде де адамның денсаулығын бақылап отыратын электронды көмекші жасауды ұйғарған.

«Құрылғы денсаулық көрсеткіштерін өлшеп, адамның жағдайын бақылап отырады. Егер денсаулығы нашарласа, адам электронды көмекші арқылы өзі хабар бере алады. Құрылғы мұндай өзгерісті өздігінен де анықтап, туыстарына хабарлама жібереді. Шұғыл көмек қажет болған жағдайда хабарлама үш минуттың ішінде жетеді», – деді 10-сынып оқушысы Артур Штейнер.

Электронды көмекшінің екі нұсқасы бар. Бірі үйде пайдалануға арналса, екіншісін өзіңмен бірге алып жүруге болады. Үйге орнатылатын құрылғы адамның құлағанын анықтап қана қоймай, тұрмыстық апаттардың алдын алуға да көмектеседі.

«Адам құлап қалса, құрылғы оның орналасқан жері туралы мәлімет жібереді. Дәрі қабылдайтын уақытты да еске салып отырады. Сондай-ақ оған бірнеше датчик орнатылған. Мәселен, газ бен судың ағып кетуін анықтайтын датчиктер бар. Су ағып кетсе немесе ауадағы газ мөлшері артса, төтенше жағдайлар қызметіне бірден SMS-хабарлама жіберіледі», – деді мектеп зертханасының меңгерушісі Вадим Мещанов.

Жүйе қарттарға арналған мекемеде сынақтан өткен. Жобаға денсаулық сақтау саласының мамандары да атсалысқан. Олар құрылғының медициналық мүмкіндіктерін кеңейтуді ұсынып отыр. Атап айтқанда, артериялық қан қысымын тәулік бойы бақылау және электрокардиограмма түсіру функцияларын қосу мүмкіндігі қарастырылуда.

Енді әзірлеушілер цифрлық өнімді жетілдіріп, оны нарыққа шығару жолдарын қарастырмақ.

Айжан Дайрабай, Пётр Акутионов, Almaty TV, Петропавл

Толық көрсету