Польшада Димаш жанкүйерлерінен құралған хор қазақша әндер орындады
Хорды үш жыл бұрын польшалық Dimash Kudaibergen фан-клубы құрған болатын
Краковта өткен Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлерінің кездесуінде DiVoices хоры өнер иесінің репертуарындағы қазақ тіліндегі әндерді орындады. Хордың өнер көрсетуі Димаштың Польшадағы алғашқы концерті мен DIMENSIONS әлемдік турының ашылуы қарсаңындағы мерекелік бағдарламаның бір бөлігі болды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Dimashnews.com хабарлауынша, конгресс орталығындағы бұл кездесу түрлі елден жиналған 400-ден астам Dears-тың басын қосты. Кештің арнайы қонақтары – әншінің ата-анасы Қанат пен Светлана Айтбаевтар, сондай-ақ Димаштың бэк-вокалисі Расул Усмановтар болды.
DiVoices хорын үш жыл бұрын польшалық Dimash Kudaibergen фан-клубы құрған болатын. Осы уақыт ішінде ұжым Димаштың әндеріне көпдауысты хорға арналған аранжировкалар негізінде көптеген кавер дайындады. Олардың хорға арналған өңдеулерін жанкүйерлер арасында Агнес есімімен танымал Агнешка Хлап әзірлейді. Ол шығармаларды хормен орындауға бейімдеп, әр дауысқа жеке партия жазып шығады.
Краковтағы кездесуде DiVoices «Тау ішінде» және «Махаббат бер маған» әндерін орындады. Кештің айрықша әсерлі сәттерінің бірі – Светлана Айтбаева мен Расул Усманов бірге шырқаған «Махаббат бер маған» әнінің орындалуы болды.
Хор мүшелерінің поляк тіліне аударып орындаған «Дурдараз» әні де музыкалық тартудың бірі болды. Ал «Любовь уставших лебедей» композициясы хорға арналған аранжировкада көпдауысты орындау арқылы жаңаша сипат алды.
Сонымен қатар осы кеште DiVoices хоры гураль фольклорлық ансамблімен бірлесіп өнер көрсетіп, поляк халқының «Hej, bystra woda» атты халық әнін орындады. Осылайша бір концерттік бағдарлама аясында екі елдің музыкалық дәстүрлері тоғысты. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтарды қарсы алған польшалық Dears қауымы оларды өз халқының мәдениетімен таныстырып қана қоймай, сүйікті әншілерінің ана тілінде ән шырқап, қазақ мәдениетіне деген ерекше ықыласы мен құрметін білдірді.
DiVoices ұжымының үш жылдық қызметі барысында Димаштың шығармашылығына деген сүйіспеншілік ортақ музыкалық бастамаға ұласты. Хорға арналған аранжировкалар, әндерді қазақ тілінде орындау және поляк тіліне аудару ұжым мүшелеріне таныс туындыларды өзіндік мәнермен жаңаша танытып, басқа жанкүйерлермен бөлісуге мүмкіндік береді.
Оқи отырыңыз: Сегіз елде 12 концерт: Димаш Құдайбергеннің жаңа әлемдік туры басталды