Полицейлер жасөспірім қыздың есірткі таратпақ болған әрекетінің жолын кесті

02.08.2026 11:21

Ол тыйым салынған заттарды жасырын орындарға қалдырмақ болған

Аlmaty.tv

Алматыда полиция қызметкерлері кәмелетке толмаған қыздың есірткі таратпақ болған әрекетінің жолын кесті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, Медеу ауданында полицейлер такси көлігін тоқтатып, оның ішінен үш кәмелетке толмаған қызды анықтаған. Жедел ақпаратқа сәйкес, олардың бірі есірткіні арнайы жасырын орындарға қалдыру арқылы таратумен айналысқан.

Тексеру барысында күдіктіден түрлі түсті оқшаулағыш таспамен оралған бірнеше түйіншек тәркіленді. Олардың ішінде өсімдік тектес заттармен қатар, алдын ала мәлімет бойынша, кристалл түріндегі синтетикалық есірткі болған.

Кәмелетке толмаған қыздың айтуынша, ол тыйым салынған заттарды жасырын орындарға қалдыру арқылы таратқан.

Қазір полицейлер жасөспірімді заңсыз әрекетке кім тартқанын, қылмыстық схеманың қалай ұйымдастырылғанын және оның мұндай жолмен табыс табуға не себепті келіскенін анықтап жатыр.

Сонымен қатар тергеу барысында қыздың тәрбиелену жағдайына, ата-анасының және жақын ортасының рөліне де баға беріледі.

Полиция ата-аналар мен жасөспірімдерге жеңіл табысқа қызығудың ауыр құқықтық салдарға әкелуі мүмкін екенін ескертіп, есірткі қылмыстарының болашағына зор қауіп төндіретінін еске салды.

Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар 2026 жылдың тамыз айында қалай демалады