Полиция алматылық жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырады

polisia.kz
polisia.kz

Полиция профилактикалық іс-шаралардың жалғасатынын атап өтті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Полиция жол-көлік оқиғасынан кейін жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Алматыда жол-көлік оқиғаларының алдын алу және азаматтардың жол үстінде қаза табуына жол бермеу мақсатында полиция көше-жол желісінің аса қауіпті учаскелерінде нысаналы рейдтік іс-шаралар өткізуде.

Профилактикалық жұмысты күшейтуге өткен аптада қаланың базарларының біріне жақын маңда орын алған қайғылы жағдай себеп болды. Аталған оқиға кезінде жасы үлкен ер адам жолдың белгіленбеген тұсынан өтпек болып, жүк көлігінің астында қалып, қаза тапқан.

Рейдтер барысында полиция қызметкерлері жаяу жүргіншілермен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау, жаяу жүргіншілер өткелдерін пайдалану, әсіресе көлік қозғалысы қарқынды және ауыр жүк көліктері жүретін аумақтарда жол жағдайын алдын ала бағалаудың маңыздылығына назар аударуда. Алмалы ауданы полиция басқармасының бастығы Мақсат Пшанның айтуынша, мұндай әрбір оқиға – алдын алуға болатын орны толмас қасірет.

- Кейбір жаяу жүргіншілер әлі де жолды белгіленбеген жерден кесіп өтіп, қауіп-қатерді жете бағаламайды. Әсіресе базарлар мен сауда нысандары маңында мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Біздің басты мақсатымыз – алдын алу және адам өмірін сақтау, – деді ол.

Полиция профилактикалық іс-шаралардың жалғасатынын атап өтті. Ерекше назар адамдар көп шоғырланатын орындарға, жабайы өткелдерге және бұрын жаяу жүргіншілерді қағып кету деректері тіркелген учаскелерге аударылуда.

Оқи отырыңыз: Қысқы Олимпиаданың алғашқы күнінде қазақстандық спортшылар қалай өнер көрсетті

Новости партнеров