Полиция тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресті күшейтті

30.11.2025 11:37

Қазақстанда әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселесі қоғамның ерекше назарында

polisia.kz

Полиция тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресті күшейтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Қазақстанда әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселесі қоғамның ерекше назарында. Әсіресе соңғы жылдары тұрмыстық жанжалдардың ашық талқылана бастауы, жәбірленушілердің үнсіз қалмай, құқық қорғау органдарына жүгіну деңгейінің артуы — қоғамда үлкен өзгерістер болып жатқанының дәлелі. Әйелдердің қауіпсіздігі мен құқығын қорғау, отбасындағы жанжалдың алдын алу — тек полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.

Жыл сайын әлемдік деңгейде өткізілетін “Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді іс-қимыл” акциясы — осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі. Бұл кезеңде мемлекеттік органдар, құқық қорғау құрылымдары, үкіметтік емес ұйымдар мен еріктілер бірлесіп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында кешенді профилактикалық жұмыстар жүргізуде.

Акцияның негізгі мақсаты — әйелдерге қатысты кез келген зорлық түріне қоғамның назарын аудару және үнсіз қалмауға шақыру. Осыған орай полиция қызметкерлері де түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, ақпараттық науқандар ұйымдастырып, профилактикалық жұмыстар жүргізеді.

— Атаулы акция жыл сайын әлемдік деңгейде өткізілетін маңызды іс-шара. Оның басты мақсаты – қоғамның назарын гендерлік зорлық-зомбылық мәселесіне аудару және әйелдердің құқықтарын қорғауды күшейту. Сонымен қатар акция құқық қорғау органдарының, мемлекеттік мекемелердің және қоғамдық ұйымдардың күш-жігерін біріктіріп, зардап шеккендерге көмек көрсетуге мүмкіндік береді, — деді Астана қаласы Алматы ауданы ПБ ҚҚБ ОЗЗҚКБ-нің инспекторы Ақдидар Шаримбекова.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты шағымдардың саны күн сайын артуда. Бұл көрсеткіш қоғамдағы адамдардың бей-жай қарамай, қиындықтарды жасырмай, құқық қорғау органдарына хабарлауды үйреніп келе жатқанын білдіреді. Бүгінгі таңда полицияға жүгінген әйелдер санының өсуі құқықтық сауаттылықтың артқанын айқын көрсетеді. Сонымен қатар учаскелік инспекторлар отбасындағы қиын жағдайға бейім тұлғаларды есепке алып, оларға профилактикалық жұмыстарды тұрақты жүргізуде. Бұл іс-шаралар отбасыдағы мәселелердің алдын алуға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

— Полиция тарапынан агрессорға қандай әкімшілік немесе қылмыстық шаралар қолданылады? — Қазақстан заңнамасында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы нақты әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделген. Бұл шаралар ҚР Қылмыстық кодексінің 108-109-115 баптары, сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-1-669-461 баптары аясында қарастырылады. Агрессорға жәбірленушімен сөйлесуге, оған жақындауға немесе хабарлама жолдауға тыйым салынады, сондай-ақ қорғау нұсқамасы шығарылады. Кейбір жағдайларда агрессор қылмыстық іс бойынша заңнамалық жауапкершілікке тартылады, — деді Ақдидар Шаримбекова.

Полиция қызметкері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған жандар көбіне полиция көмегіне жүгінуге қорқатынын, бірақ оларға көмек көрсетуге дайын жүйе бар екенін айтты.

— Барлық әйелге айтарымыз – сіз жалғыз емессіз. Көмек көрсетуге дайын жүйе бар екенін түсініңіз. Полицияға хабарлау – өз өміріңіз бен қауіпсіздігіңізді қорғаудың ең тиімді жолы, сондықтан сенім артып, көмек сұраудан қорықпаңыз. Қауіпті жағдай туындаса, дереу 102 немесе 112 нөмірлеріне қоңырау шалыңыз. Есіңізде болсын: зорлық – ешқашан сіздің кінәңіз емес. Қандай жағдай болсын, сізді қорлауға, ұрып-соғуға немесе қысым көрсетуге ешкімнің құқығы жоқ. Үнсіз қалу немесе жағдайды жасыру мәселені шешпейді. Көмек сұрау – әлсіздік емес, керісінше, өзіңізді және балаларыңызды қорғауға бағытталған батыл қадам. Көптеген әйел бастапқыда қорыққанымен, шағым түсіргеннен кейін өздерін әлдеқайда қауіпсіз сезінетінін айтады. Елде әйелдер мен балаларға арналған дағдарыс орталықтары жұмыс істейді. Бұл орталықтарда уақытша тұру мүмкіндігі бар және психологиялық қолдау, заңгерлік кеңес және балаларға қажетті көмек көрсетіледі. Барлық қызмет толықтай тегін және құпия түрде ұсынылады. Өз қауіпсіздігіңізді қорғаудан тартынбаңыз , — деді полицей.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық — жабық есіктің ар жағында қалып қоятын мәселе емес. Оның алдын алу үшін, қоғам үнсіз қалмау қажет және құқық қорғау органдарына дер кезінде хабарлау қажет. Полицияның, қоғамдық ұйымдардың және белсенді азаматтардың бірлескен жұмысы ғана әйелдер қауіпсіздігін арттырып, отбасындағы жанжалдардың алдын алуға жол ашады. Бүгінгі ақпараттық жұмыс, профилактика және ашық диалогтар — ертеңгі қауіпсіз қоғамның кепілі.

Оқи отырыңыз: Дәрігер жүрекке пайдалы жеміс-жидектерді атады