Полициядан қашып, ауласына жасырынған: Атырауда жас жігіт 10 тәулікке қамалды

01.04.2026 14:48

Куәліксіз көлік басқарған жүргізушінің туысы да жауапқа тартылды

Атырау облысының Исатай ауданында куәліксіз көлік басқарған жүргізуші ұсталды. 18 жастағы жігіт сақшылардан қашып, ауласына жасырынбақ болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бейнежазбада оның қатты жылдамдықпен жүйткіп келіп, ауласына кіріп кеткен сәті көрінеді.

Сондай-ақ полицейлердің машинасын елемей, қақпаны тарс жауып алған әйел адам да байқалады. Қазір талапқа бағынбаған жігіт 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынған.

Ал оған көмек көрсетіп, полиция қызметкерлерінің әрекетіне кедергі жасаған 57 жастағы әйел адам да жауапқа тартылды.

"Сот шешімімен оған 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамақ жазасы тағайындалды. Сонымен қатар көлік құралын басқаруға құқығы жоқ адамға көлік беріп, заң бұзуға ықпал еткен автокөлік иесі де жауапқа тартылды. Құқықбұзушылық жасаған 18 жастағы азаматтың оқу орнына профилактикалық шаралар қабылдау үшін тиісті ұсыныс жолданды", - деді Атырау облыстық ПД Ақпараттық саясат бөлімінің аға инспекторы Дина Мақсотова.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда 700-ден астам білім беру бағдарламасы қысқартылады