Жер сілкінісі: ТЖД ғимараттарды тексеріп, мониторинг жүргізді

05.11.2024 19:37

Дабыл жүйесі дүмпудің қарқындылығы 5,5 баллдан жоғары болғанда ғана автоматты түрде іске қосылады

elements.envato.com

Бүгін таңертең Алматыда жер сілкінді. Дүмпу ошағы қаладан шығысқа қарай 33 шақырым жерде болған. Төтенше жағдайлар департаменті жер сілкінісінен кейін ғимараттарды тексеріп, мониторинг жүргізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Шаһарда есептік қарқындылығы 3 балл, Талғар мен Есік қаласында 4 балл-ға жеткен.

"Иә, сездім. Қорқып қалдық. Біз 25-қабатта тұрамыз", – деді қала тұрғыны.

"Мен қала іргесінде тұрамын. Ол жерде қатты сезілді. Басында жүк көлігі өтіп бара жатыр ма деп ойладым. Кейін үйдегі жиһаздар қозғалған соң, жер сілкінісі екенін түсіндім", – деді тұрғын

"Қатты сілкінбеді, сезген жоқпыз. Аз балл болды деп ойлаймын", – деді қала тұрғыны.

Жер сілкінісі таңертең сағат 10:30-да тіркелді. Дүмпудің негізгі ошағы Алматыдан шығысқа қарай 33 шақырым жерде болған. Тереңдігі – 10 шақырым. Ал магнитудасы – 4.7.

Тосын құбылыстан асып-сасқан жұрт көшеге ұмтылды. Алайда халықты ескерту дабылы іске қосылмады. Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Мass alert жүйесі дүмпудің қарқындылығы 5,5 баллдан жоғары болғанда ғана автоматты түрде іске қосылады. Ал шаһардағы дүмпу 3 балл болған.

Еске сала кетейік, Алматыда төтенше жағдайлар кезінде құлақтандыратын жүйе биыл мамырда жұмыс істей бастады.

"Бұл жүйе Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске асып отыр. Мass alert деп аталады. Жер сілкінісі, төтенше жағдайлар кезінде автоматты түрде алматылықтарды құлақтандырады. Бірақ жеңіл дүмпулер кезінде іске қосылмайды. Есептік қарқындылығы жоғары жер сілкіністерінде дабыл қағады", – деді ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Ануар Юсупов

Төтенше жағдайлар департаменті жер сілкінісінен кейін ғимараттарды тексеріп, мониторинг жүргізді. Қалада жағдай тұрақты. Ал еліміздің жауапты министрлігі алаңдауға еш себеп жоқ екенін атап өтті.  

"Жер сілкінісі тұрғындарға 3-4 балл көлемінде сезілді. Бұл – еліміздің жоғары сейсмикалық аумағында күнделікті  болып тұратын табиғи құбылыс. Құрметті азаматтар, сіздерді тек ресми мәліметтерге сенуге шақырамыз", – деді ҚР ТЖМ Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми институтының директоры Дәулет Сәрсенбаев.

Айта кетейік, жер сілкінісі бола қалған жағдайда ең алдымен сабыр сақтау қажет. Жиһаз бен терезеден алшақ тұруға тырысыңыз. Төменгі қабатта болсаңыз, ғимараттан шыққан абзал, егер жоғарыда қалып қойсаңыз, бас сауғалайтын жер табу қажет. Әдетте іргелі ішкі қабырғалардың бұрышы немесе үстелдің асты қауіпсіз. Жер асты дүмпуі басылған соң дереу ғимараттан шығыңыз. Кетер алдында суды, газды, электр қуатын өшіруді ұмытпаған жөн.

Гүлмарал Изатқызы, Еркебұлан Серікұлы

Оқи отырыңыз: Алматыда жер сілкінді