Талғардағы қанды оқиға: марқұм Шерзаттың отбасы тұратын үйді белгісіз біреулер өртеп жіберген

12.10.2024 10:21

Полиция қылмыстық іс қозғады

Сгенерировано ИИ

Әлеуметтік желіде бір топ адамның қолынан қаза тапқан талғарлық 16 жастағы жасөспірім тұрған үйдің өртеніп жатқан видеосы тарады. Бейнежазбаларда белгісіз біреулердің от қоюы салдарынан үйдің толықтай жанып кеткені айтылады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Құқық қорғаушы Саида Тәукелеваның жазуынша, 12 қазанға қараған түні марқұм болған баланың туыстары оның жеті күндігіне дайындалып жатқан. 

«Түнде маған жәбірленушілердің туыстары телефон соғып, Талғарда қаза болған Шерзаттың үйінің өртеніп кеткені туралы жантүршігерлік хабарды айтты. Өрт сөндірушілердің әрекетіне қарамастан, үй толығымен жанып кетті. Бұл онсыз да қара жамылып, қайғы жұтып отырған отбасыға өте үлкен соққы болды. Қайғылы оқиға отбасының туған-туыстары әділдік пен баланың құқығын қорғау үшін күресіп жатқан сәтте, сондай-ақ марқұмның жеті күндігін өткізуге дайындалып кезде болып отыр. Балалар мен ересектердің барлығы ата-әжесінің үйінде болған, өрт үйді жермен-жексен еткен... Дегенмен өрт қойғандардың ниеті қандай болғанын елестетудің өзі қорқынышты», - деп жазды Саида Тәукелева Instagram желісінде.

 Аталған оқиғаға қатысты Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі пікір білдіріп, өрттен зардап шеккендердің жоқ екенін хабарлады.

«Бөтеннің мүлкін қасақана жою дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу аясында куәгерлерден жауап алынып, бейнебақылау камераларының жазбалары тексеріліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы зерттелуде», - делінген полиция хаьарламасында.

Сондай-ақ Полиция департаменті марқұм Шерзаттың отбасы қорғауға алынғанын хабарлады.

«Келіп түскен арызға сәйкес 4 қазанға қараған түні Талғар ауданында қаза тапқан кәмелетке толмаған баланың отбасы күзетпен қамтамасыз етілген. 
Отбасының тұрғылықты жері бойынша қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлерінің тарапынан тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылды», - делінген ПД хабарламасында.

Сонымен қатар облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Азат кентіндегі тұрғын үйдің сағат 00.50-де өртенгенін хабарлады. Оқиға орнына дереу Алматы облысының 10 қызметкері мен үш бірлік апатты жою техникасы шықққан.

«Сағат 01.08-де бірінші өрт сөндіру бөлімі жеткенде, тұрғын үйдің шатырының өртеніп жатқаны анықталды. Үй толығымен отқа оранған. Өрт 01.38-де оқшауланып, 01.43-те 56 шаршы метр алаңды шарпыған өрт сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің себебін анықтау үшін Алматы облысы ТЖД өрт сөндіру зертханасы мен тергеу бөлімінің қызметкерлері оқиға орнында жұмыс істеп жатыр», - делінген облыстық ТЖД хабарламасында.

Еске салайық, 4 қазанда Талғарда азық-түлік дүкені жанында жанжал болып, соның салдарынан 16 жастағы жасөспірім пышақ жарақатынан қаза тауып, тағы екі адам жарақат алған болатын. Аталған оқиғаға қатысты 7 адам қамауға алынды. Қаза болған жасөспірімнің туыстарының айтуынша, оларға шабуыл жасаған қарулы топтың құрамында 13 адам болған.

Тергеуді ІІМ басшысы жеке бақылауына алды. Сондай-ақ Алматы облысының прокуратурасы мәлімдеме жасады. 

Оқи отырыңыз: Қылмыскерлер әділ жазалануы керек: Мәжілісмен Талғардағы жаға ұстатқан жағдайға қатысты үн қатты