«Ақтөбе – тарының астанасы»: қалада ұлттық тағамдар фестивалі өтеді

12.05.2026 14:11

Кіру тегін

Depositphotos.com

Қаладағы «Астана» саябағында «Ақтөбе – тарының астанасы» атты ауқымды гастрофестиваль өтеді, - деп хабарлайды Almaty.tv. облыс әкімдігіне сілтеме жасап.

Келуші қонақтарды таңғы 11:00-ден бастап ұлттық рух пен хош иіске толы атмосфера күтпек. Күн бойы жалғасатын мереке кешкі 17:00-ге дейін Ақтөбенің аграрлық дәстүрі мен заманауи гастрономиялық мүмкіндігін тоғыстырады. Сонымен қатар, «Әнім сенсің – Ақтөбе» этнофестивалі де мерекенің көркін аша түседі.

Фестиваль алаңында тарыдан әзірленген 50-ден астам тағам түрі ұсынылады. Дәстүрлі ұлттық ас мәзірі жәрмеңкесі, шоколадты жент дайындау шеберлік сағаттары, ыстық бауырсақ пен самаурын шайының хош иісі – бәрі де келген қонаққа ерекше әсер сыйлайды.

Ойыл ауданының шеберлері тарыны өңдеудің көне тәсілдерін көзбен көріп, қолмен сезінуге мүмкіндік береді. Ал қолөнер шеберлерінің бұйымдары – тері, киіз, ағаш, жүн және зергерлік өнердің заманауи үйлесімін көрсететін нағыз мәдени көрме болмақ.

Сондай-ақ, фестиваль аясында «Ақтөбе – тарының астанасы» атты ашық дөңгелек үстел өтеді. Мұнда сала мамандары мен сарапшылар тары өсіру дәстүрін жаңғырту, оның тағамдық құндылығын кеңінен насихаттау және өңірдің аграрлық-гастрономиялық әлеуетін дамыту бағыттарын талқылайды.

Кіру тегін.

Оқи отырыңыз: Жазда Қазақстанда қандай ірі халықаралық жарыстар өтеді