Қасым-Жомарт Тоқаев диқандарымыз екінші жыл қатарынан мол өнім алып, қамбаны астыққа толтырғанын атап өтті
"Қазақстанның алтын-валюта қоры 62 миллиард доллардан асты." Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған жаңажылдық құттықтау сөзінде айтты, деп хабарлайды Almaty.tv
Мемлекет басшысы 2025 жыл халқымыз үшін мерейлі жыл болғанын атап өтті.
"Еліміз дамудың даңғыл жолына түсті. Әлемдегі ахуал күрделі болса да, экономикамыз өркендеп, ішкі жалпы өнім 6 пайыздан асты. Елге ауқымды инвестиция тартып, бірқатар ірі жобаны жүзеге асырдық. "Достық – Мойынты" теміржолының екінші желісі іске қосылды. Бұл – Тәуелсіздік кезеңіндегі ең ірі теміржол құрылысы. Сондай-ақ он үш мың шақырым автокөлік жолы салынып, жөнделіп жатыр. Соның арқасында Қазақстанның транзиттік әлеуеті арта түсті", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев диқандарымыз екінші жыл қатарынан мол өнім алып, қамбаны астыққа толтырғанын ерекше атап өтті.
"Ауылды және ауыл шаруашылығын дамытуға баса мән беріп жатырмыз. Шаруаларға бұрын-соңды болмаған қаржылай қолдау көрсетілді, яғни 1 триллион теңге осы мақсатқа жұмсалды. Биыл жалпы аумағы 19 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Мыңдаған отбасы баспаналы болды. Әлеуметтік салада көп шаруа жасалды. Жүзден астам мектеп, екі жүзге жуық денсаулық сақтау нысаны бой көтерді. Әлемнің үздік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылды. Адам құқықтарын қорғауға баса мән беріліп жатыр. Қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидаты орныға түсті, азаматтарымыздың құқықтық сана-сезімі күшеюде", – деді Мемлекет басшысы.
Оқи отырыңыз: Жылқы жылы қазақ тарихында нендей оқиғалармен есте қалған