Мемлекет басшысы су саласында мықты мамандар әлі де жетіспейтінін айтты
«Қазақстан үшін су – ұлттық қауіпсіздік мәселесі». Бұл туралы Мемлекет басшысы айтты. Бүгін Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаев су шаруашылығы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, мемлекеттік наградалармен марапаттады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Бұл сала әрдайым мемлекеттің айрықша назарында деген Президент су шаруашылығы мамандарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға баса мән беріліп жатқанын жеткізді. Былтыр олардың жалақысы 25 пайыз өссе, биыл 1-шілдеден бастап тағы 50 пайыз көбейді. Десе де, Президент су саласында мықты мамандар әлі де жетіспейтінін айтты.
«Сол себепті былтыр Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті құрылды. Осы мамандыққа бөлінетін грант саны екі есе артты. 500-ден астам студент бюджет қаржысына білім алып жатыр. Олар оқуын аяқтаған соң «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында жұмыс істей алады. Сондай-ақ 120 қызметкер Қытайда тәжірибе алмасып, қосымша білім алуда. Су шаруашылығы мамандарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға баса мән берілуде», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету айрықша маңызды міндет екеніне тоқталып, соңғы жылдары осы бағытта нақты шаралар қабылданғанын жеткізді.
«Енді алдымызда тұрған шұғыл міндет 500-ге жуық ауылға су беру жұмысы. Әсіресе, ауыз суды тазалау мәселесін шешу қажет», - деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ елімізде суды үнемдеу тарифі іске қосылғанын айтты.
Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет су үнемдеу технологиясын қолданатын шаруаларға белсенді қолдау көрсетіп жатқанына тоқталды. Атап айтқанда, жұмсаған қаржысының 80 пайызына дейін өтейді. Бүгінде 470 мың гектар жерде осындай озық технология іске қосылған. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғаса бермек.
Одан бөлек, Президент «су үнемдеу – алдымызда тұрған аса маңызды стратегиялық міндет» деп баса айтты. Бұл мәселеге қатысты цифрландыру жұмысын жүргізу өте өзекті екенін тоқталды.
Өз сөзінде Мемлекет басшысы су қауіпсіздігі Қазақстанның орнықты дамуына әсер ететін негізгі мәселеге айналғанын баса атап өтіп, су дипломатиясын күшейтуді қолға алуымыз керек деді.
«Осы бір жарым жыл ішінде бірқатар бағытта жүйелі жұмыстар атқарылды. Оның ішінде жаңа Су кодексі қабылданды. Су ресурсын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы қабылданды. Су ресурсын дамыту кешенді жоспары қабылданды. Негізгі нормативтік құқықтық база қалыптасты. Одан бөлек, екі институт құрылды. Ол ұлттық гидрогеологиялық институты және ақпараттық орталығы құрылды», - деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы су шаруашылығы саласының қызметкерлерін марапаттады