Президент Астанада жаңа әуежай салуды тапсырды

30.06.2026 14:16
Almaty.tv

Орталық Азия аймағында көлік-логистика саласындағы бәсеке күшейіп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының соңғы бірлескен отырысында теміржол, автокөлік және әуе логистикасын арттыруды, Астанаға жаңа әуежай салуды тездетуді тапсырды,  деп хабарлайды Аlmaty.tv.  

Президент еліміздің инфрақұрылымдық арқауының тағы бір мызғымас тірегі — көлік-логистика саласына баса назар аудару керегін айтты. Бұл сала стратегиялық маңызға ие.

"Біздің аймақтағы барлық елдер де осы бағытқа ден қойып жатыр, сондықтан, бәсеке күшеюде. Теміржол саласының жүк тасымалындағы рөлін ескере отырып, мемлекет жаңа магистральдар мен вокзалдар салуға және оларды жаңғыртуға баса мән беріп отыр", — деді Президент.

Былтыр Достық — Мойынты бағытының екінші желісі және Алматы қаласын айналып өтетін теміржол іске қосылды. Ал биыл Мойынты — Қызылжар және Дарбаза — Мақтаарал, келесі жылы Бақты — Аягөз теміржолдарының құрылысы аяқталады.

"Еліміздегі автокөлік жолдарының сапасын жақсарту міндетін де орындауымыз керек. Былтыр 13 мың шақырым автокөлік жолын жөндеу жұмысы басталды. Оның 6 мың шақырымы қолданысқа берілді. Мұндай ауқымды жұмыс ел тарихында бірінші рет жасалды. Келесі жылы автокөліктерді өткізу бекеттерін жаңғырту ісі аяқталуы керек. Соңғы бес жылда ел аумағы арқылы автокөлікпен тасымалданатын жүк көлемі екі есе артып, 6 миллион тоннаға жетті. Былтыр автокөлікпен жүк тасымалдаушылардың табысы 1,5 триллион теңге болды. Бұл — теміржол саласындағы кіріспен шамалас көрсеткіш. Осының өзі отандық автокөлік тасымалы саласының әлеуеті зор екенін көрсетеді. Демек, мұндай кәсіпкерлерді барынша қолдау керек", — деді Мемлекет басшысы. 

Авиация саласындағы табысымыз да көбеюде. Елімізде жаңа ұшу бағыттары ашылып жатыр. Толыққанды әуе хабтарын қалыптастыру үшін нақты жұмыс жүргізіліп келеді.

"Әрине, осы тұрғыдан алғанда, Астана қаласында жаңа әуежай салу — кезек күттірмейтін міндет. Көп ұзамай оның құрылысы басталуы қажет. Әуе кеңістігі арқылы жүк тасымалдайтын арнайы компания құру өте орынды шешім болды деп санаймын. Бұл маңызды қадам халықаралық логистикадағы әлеуетімізді күшейтуге ықпал етері сөзсіз", — деді Мемлекет басшысы.

Оқи отырыңыз: Тоқаев: Құрылтай технологиялық прогрестің жетекші факторы болады деп үміттенемін