Президент ауыл шаруашылығы өнімдерін әуе көлігімен тасымалдау ісін реттеуді тапсырды

14.11.2025 14:20

Сарапшылардың болжауынша, алдағы 10 жылда әлемде мал етіне сұраныс 233 миллион тоннаға дейін ұлғаюы мүмкін

Depositphotos

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы өнімдерін сыртқы нарыққа үздіксіз жеткізу үшін әуе тасымалдау әлеуетін белсенді қолдануды тапсырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Сарапшылардың болжауынша, алдағы 10 жылда әлемде мал етіне сұраныс 233 миллион тоннаға дейін ұлғаюы мүмкін. Қазақстан еттің осы түрін экспорттаушы ірі елдердің бірі бола алады. Алғашқы кезекте Азия елдерін қамтамасыз етуіміз керек. Қой етін экспорттауда еліміз Моңғолия, Нидерланд, Испания және Франция сияқты мемлекеттерден кейінгі орында тұр. Бірақ бізде жайылымдық жер жеткілікті. Қой шаруашылығының экспорттық әлеуетін толық таныту үшін жағдай жасау қажет. Жолдауда аграрлық экспортты дамытудың жоспарын әзірлеу жөнінде міндет жүктедім. Бұл құжат логистиканы, ветеринариялық және фитосанитариялық стандарттарды, сондай-ақ сауатты маркетингтік стратегияны ескере отырып дайындалуы керек. Мәселен, Парсы шығанағы елдері біздің ет өнімдерін жыл бойы тасымалдауға ниетті. Бірақ бізде ауыл шаруашылығы өнімдерін әуе көлігімен тасымалдау ісі дұрыс үйлестірілмеген әрі тиісті деңгейде реттелмеген. Көп жағдайда кәсіпкерлер жүкті жеткізу мәселесін өздері шешуге мәжбүр. Бүгін маған тұрақты рейстермен Әмірліктерге ет жеткізіле бастағаны жөнінде мәлімет берілді. Бұл тәжірибені аса дұрыс деп айта алмаймыз. Сонымен қатар Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды, Ақтау әуежайлары логистикасы дамыған әрі халықаралық әуе бағыттарымен интеграцияланған өңірлік хабқа айнала алады. Оларға арнайы экономикалық аймақтар аясында артықшылықтар берілген. Әуежайлардың толық қуатында жұмыс істеуі ауыл шаруашылығы өнімдерін сыртқы нарыққа үздіксіз жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл мәселені Үкімет жан-жақты пысықтауы керек", - деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Оқи отырыңыз: Мал шаруашылығының әлеуетін барынша пайдалану қажет: Президент негізгі міндеттерді атады