Президент ғылым саласында зор жетістікке жеткен ғалымдарды марапаттады

10.04.2026 14:26

Мемлекет басшысы сондай-ақ бір топ жас ғалымға пәтер кілттерін салтанатты түрде табыстады

 

Ақорда

Президент кәсіби мереке қарсаңында ғылым саласында зор жетістікке жеткен және жоғары білімді дамытуға елеулі үлес қосқан ғалымдарды мемлекеттік наградалармен марапаттады. Бұл туралы Ақорда мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Президент Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтау туралы Жарлығында бір топ ғалымға «Парасат» ордені, «Құрмет» ордені,  «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілгені жазылған.

Мемлекет басшысы сондай-ақ бір топ жас ғалымға пәтер кілттерін салтанатты түрде табыстады.

Марапаттау рәсімінде Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің зертхана жетекшісі Сәрсенбек Монтаев, Генетика және физиология институтының қауымдастырылған профессоры Анастасия Перфильева, Ядролық физика институты Астана филиалының аға ғылыми қызметкері Әлішер Мүтәлі сөз сөйледі.

Марапаттау рәсімінен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдармен бірге суретке түсті.

 Еске сала кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдарды марапаттау рәсімінде сөз сөйлеп, «Озық мемлекеттің қазығы — ғылым, ал қазынасы — ғалым» екенін айтты.