Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының X құрылтайында қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, терминдерді біріздендіру және сапалы сөздіктер әзірлеу мәселелеріне тоқталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Президенттің айтуынша, қазақ тіліне бұрын сирек қолданылған немесе мүлде қолданыста болмаған көптеген жаңа сөздер еніп, күнделікті тілдік айналымға қосылды. Олардың қатарында «тұжырымдама», «қағидат», «шәкіртақы», «еңбек өтілі», «әмбебап», «ғаламтор», «тікұшақ», «жасанды сана» сияқты сөздер бар.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы кейбір сөздердің жасанды аудармасына қатысты пікір білдірді. Оның пайымдауынша, «күйсандық», «қылтима», «субұрқақ», «себезгі», «үнқағаз», «жеделсаты» сияқты баламалардың қолданысқа қажеттілігіне қатысты кәсіби мамандардың салмақты пікірі ескерілуі керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев дінге қатысты көне сөздердің орнына араб тілінен енген сөздерді жиі қолдану үрдісіне де назар аударды. Ол мұндай өзгерістердің қажеттілігін сарапшылар талқылауы қажет екенін айтты.
Осы мәселелерді жүйелі түрде қарастыру үшін Президент кәсіби тіл мамандары, ғалымдар, сарапшылар мен қоғам өкілдерінен арнайы жұмыс тобын құруды ұсынды. Оның қызметін үйлестіру Президент Әкімшілігіне жүктелмек. Сонымен қатар тіл ғылымына қатысты баршаға қолжетімді әмбебап цифрлық жүйе әзірлеудің маңызын атап өтті.
Қазақ тіліндегі халықаралық сөздіктер әзірленеді.
Мемлекет басшысы қазақ тілінің халықаралық тілдер қауымдастығындағы орнын нығайту қажеттігін де айтты. Осы бағытта «Қазақ тілі» қоғамы жүзеге асырған Oxford Qazaq Dictionary жобасын жалғастыруды ұсынды.
Президент қазақ тілін Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі ресми тілдерімен байланыстыратын сапалы екітілді және көптілді сөздіктер әзірлеу қажеттігін жеткізді.
Атап айтқанда, қазақ-француз, қазақ-испан, қазақ-қытай, қазақ-араб, қазақ-неміс, қазақ-итальян, қазақ-жапон, қазақ-корей және қазақ-парсы сөздіктерін жасау міндеті қойылды. Сонымен қатар қазақ-орыс сөздігін заман талабына сай жаңарту ұсынылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөздіктердің электрондық нұсқасын әзірлеп, оларды тұрақты түрде толықтырып отыру керектігін атап өтті. Оның айтуынша, қазақ тілінің халықаралық байланысын нығайту мәдени және ғылыми ықпалдастыққа жол ашып, елдің зияткерлік әлеуетін арттырады.