Президент қазақ тілінің орфографиясын ғылыми тұрғыда зерделеуді жүктеді

Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі соңғы рет мемлекеттік деңгейде 1983 жылы бекітілген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қылтима, себезгі, жеделсаты, желкөз... Бұл сөздерді жиі болмаса да, ара-тұра естіп жүрген боларсыз. Қоғамда қазақ тіліндегі кейбір жасанды баламалар қызу талқыланып жүргені жасырын емес. Тіпті бұл мәселе Мемлекет басшысының да назарына ілігіпті. Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тілі» қоғамының X құрылтайында кейбір қисынсыз аудармаларды сынға алып, жасанды баламалардан бас тарту керек деп баса айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі соңғы рет мемлекеттік деңгейде 1983 жылы бекітілген. Содан бері бірнеше сөздік жарық көргенімен, олардың ешқайсысы ресми түрде бекітілмеген. Уақыт өте келе тілдің сөздік қоры да толығып, қолданыс аясы да кеңейіп келеді. Мемлекет басшысы бұрын өте сирек пайдаланған немесе мүлде пайдаланбаған «қағидат, мәмілегер, жаһан, ғаламтор, жасанды сана» сияқты сөздер тілімізде кең қолданыс тапқанын айтады. Ол мұндай өзгерістерді құптап, «бұл – жақсы дүние» деп баға берді. Дегенмен Президент кей аудармалардың сәтсіз екенін де жасырмады. Әр жақсы құбылыстың шегі болуы керек деп санайды.

«Күйсандық, қылтима, субұрқақ, себезгі, қырыққабат, үнқағаз, жеделсаты, желкөз» және тағы басқа жасанды сөздердің қажеттілігі екіталай сияқты. Соңғы кезде дінге қатысты көне сөздеріміздің орнына араб сөздерін жиі қолдану сән болып кетті. Мұның да қажеттілігіне күмән бар. Жалпы, осының бәрі – өте өзекті мәселелер, сондықтан кәсіби ғалымдар өздерінің салмақты пікірін ортаға салуы қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Орфографияны ретке келтірумен қатар, тіл ғылымын цифрландыру да күн тәртібінде. Мемлекет басшысы бұл бағытта баршаға қолжетімді әмбебап цифрлық жүйе әзірлеудің маңызын атап өтті. Жұмысты жүйелі жүргізу үшін кәсіби тіл мамандары, ғалымдар, сарапшылар мен қоғам өкілдерінен арнайы жұмыс тобын құруды ұсынды. Ал қазақ тілінің орфографиялық нормаларын ғылыми тұрғыда зерделеп, жүйелеу жұмысы келесі жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс. Мемлекет басшысы өз сөзінде қазақ тілін халықаралық тілдер қауымдастығында өзіндік орны бар тіл ретінде дамыту қажет екенін айтты.

«Ана тіліміздің өзге тілдермен байланысын қамтамасыз ету өте маңызды. Осы орайда, «Қазақ тілі» қоғамы жүзеге асырған Oxford Qazaq Dictionary жобасын жалғастыру керек деп есептеймін. Мен өзім бұл сөздікті қарап шықтым, жалпы пайдалы еңбек деп санаймын. Қазақ тілін Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі ресми тілдерімен жалғайтын сапалы екі тілді және көптілді сөздіктер әзірлейтін уақыт келді», – деді Президент.

Қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі әлеуетін арттыру бағытында ауқымды жоба қолға алынды. Оның аясында ең кең қолданылатын ChatGPT моделін қазақ тілінде қатесіз әрі терең жұмыс істеуге үйрету көзделіп отыр. Ол үшін 14 миллиардтан астам токенді қамтитын мәтіндік қор мен 12 мың сағаттық аудиодерек пайдаланылады.

«Бұл жұмыстың басты мақсаты – қазақ тілін қазіргі әлем телдерінің цифрлық классификациясындағы Low-Resource lamguages, яғни төмен ресурсты тілдер қатарынан Mid-Resoure Languages, яғни орта ресурсты тілдер дәрежесіне көтеру. Ол үшін бізге сапасы жоғары, цифрланған ауқымды ашық деректер қоры, ол деректі өңдеу құралдары мен бағалау өлшемдері қажет. Осы жұмыстар орындалған жағдайда, біз тілімізді жасанды интеллект заманына бейімдеп, келесі технологиялық кезеңге дайындай аламыз», – деді халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Рауан Кенжеханұлы.

Жиында Мемлекет басшысы қазақ тілін дамыту ісі тек мемлекеттік органдар мен тіл мамандарының міндеті емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, әр азамат оның тұғырын нығайтуға атсалысуы керек. Сонымен қатар қазақ тілін еліміздегі өзге тілдерге қарсы қоймай, ең алдымен бірлік пен ынтымақ тілі ретінде дамыту маңызды. Президент ана тіліміздің жаһан жұртшылығына тартымды тілге айналуы қажет екенін жеткізді.

Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астанадан

Оқи отырыңыз: Президент: Қазақ елі барда қазақ тілі тұғырдан түспейді