Президент Құрылтайға ұлттық заңнаманы жаңа Конституцияға сәйкес келтіруді тапсырды

28.08.2026 12:09

Мемлекет басшысы Құрылтайдың алдында тұрған маңызды міндеттерді атады

Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайының бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде Құрылтай жұмысының басталуы мемлекеттік басқару жүйесіндегі іргелі институционалдық өзгерістерге жол ашады, деп хабарлайды Almaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Құрылтай жұмысының басталуы мемлекеттік басқару жүйесіндегі іргелі институционалдық өзгерістерге жол ашады. Себебі Құрылтай билік жүйесін қалыптастыру ісінде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, Конституциялық сот судьялары, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері Құрылтайдың келісімімен тағайындалады.  

Депутаттар Президенттің ұсынуы бойынша Жоғарғы сот судьяларын сайлайды және қызметінен босата алады. Құрылтайға Конституциялық сот пен Жоғарғы сот судьяларын, сондай-ақ, депутаттарды құқықтық иммунитеттен айыру құзыреті берілген.   Құрылтай Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджет туралы есептерін бекітеді, Конституциялық соттың жыл сайынғы жолдауын тыңдайды.

Бұдан бөлек, депутаттар Үкіметке сенімсіздік білдіруге, Президентке Үкіметтің жекелеген мүшелерін қызметтен босату туралы ұсыныс білдіруге құқылы. Бір сөзбен, Құрылтайға атқарушы және сот билігін қалыптастыруға, ел тағдырын айқындайтын стратегиялық маңызы бар мәселерді шешуге қатысты аса ауқымды құзырет берілді.  

Біз, осылайша, заң шығарушы органның ықпалын едәуір күшейттік. Бұл – билік тармақтары арасындағы өзара теңгерім жүйесі нығая түседі деген сөз.   Жалпы, мемлекеттік және қоғамдық институттарды жүйелі түрде жаңғырту жұмысы жыл соңына дейін жалғасатын болады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осылай деген Мемлекет басшысы Құрылтайдың алдында тұрған бірқатар маңызды міндеттерге тоқталып өтті.

«БІРІНШІ. Жаңа Конституция нормаларын ескере отырып, еліміздің заңнамасына түзетулер енгізу қажет. Жаңа конституциялық жүйеге өту барысында бұрынғы Парламент негізгі билік институттарының қызметін қамтамасыз ететін бірқатар маңызды заңдарды қабылдады. Енді Құрылтай әр салаға қатысты заңнаманы мұқият саралап, олардың Конституция қағидаттарына сай болуын қарауы керек.  

ЕКІНШІ. Құрылтай заң шығару үдерісінің тұрақтылығы мен сапасын қамтамасыз етуі керек. Бұған дейін Сенат Мәжіліс қабылдаған заңдардың Конституцияға сәйкестігін, құқықтық тұрғыдан дұрыстығын, нормалардың өзара үйлесімділігін тексеріп отырды.   Бұл жұмысты жандандыру қажет», - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев заң шығару қызметінің сапасын арттыру үшін жасанды интеллектіні кеңінен қолдануға болатынын айтты. Оның сөзінше, озық технологиялар кәсіби құқықтық сараптаманы алмастыра алмайды, алайда талдау жұмысының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

«ҮШІНШІ. Заң шығару – аса жауапты жұмыс. Заңдарымыз әділетті, халыққа түсінікті әрі озық, яғни заман талабына сай болуы керек. Себебі заң мемлекеттегі әр азаматтың тағдырына, өміріне әсер етеді. Сондықтан заңның әр нормасы, әр тармағы тыңғылықты қаралып, жан-жақты талқылануы қажет. Заң шығару қызметінің сапасын арттыру және жемқорлыққа себеп болатын жағдайлардың алдын алу үшін жасанды интеллектіні кеңінен қолдануға болады. Әрине, озық технологиялар кәсіби құқықтық сараптаманы алмастыра алмайды. Алайда технологияны сауатты пайдалану арқылы талдау жұмысының тиімділігін арттыруға болады. Депутаттар осы мүмкіндікті ұтымды қолдануы керек.  

Қазіргі таңда менің бастамаммен «Е-Parliament» ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр. Бұл жүйе түйткілдерді заң арқылы алдын ала реттеуге мүмкіндік береді. Басты мақсат – цифрлық қызметтерді бір жерге тоғыстыру. Құзырлы органдар депутаттармен бірлесіп, осы платформаны Құрылтай қызметіне тезірек бейімдеуі қажет.  

Еліміз үшін аса маңызды заң жобаларын сарапшылармен бірге жан-жақты талқылау керек. Бұл істе қағазбастылық пен салғырттыққа жол беруге болмайды.

Құрылтай қоғамдағы өзекті мәселелерге дер кезінде үн қататын жалпыұлттық диалог алаңына айналуы қажет.   Депутаттардың қызметі заңдылық, ашықтық, өзара сыйластық, пікір алуандығы қағидаттарына негізделуге тиіс», - деді ол.

Мемлекет басшысы депутаттардың бірінші сессияда бірқатар маңызды заңдарды қабылдауы қажеттігін атап өтті. Олардың қатарында жасанды интеллектіні орта білім беру саласына енгізу, цифрлық активтер индустриясын дамыту және Digital Qazaqstan стратегиясына қатысты заң жобалары бар.

«Мен осы жылы жасанды интеллектіні орта білім беру саласына енгізу, цифрлық активтер индустриясын дамыту, Digital Qazaqstan стратегиясы туралы бірқатар Жарлық шығардым. Үкімет осы бағыттар бойынша қажетті заң жобаларын әзірлеп, Парламентке ұсынады.   Тағы бір мәселе. Біз елімізге кәсіби тұрғыдан жоғары білікті мамандарды, заманауи технологияларды және шетел капиталын көптеп тарту үшін жүйелі шаралар қабылдап жатырмыз. Бұл іске тың серпін беру үшін «Алтын визаны» енгізудің маңызы зор.   Сонымен қатар еліміздің көші-қон саясатын жетілдіру қажет. Үкімет тиісті заң жобасын Құрылтайға жолдауы керек. Депутаттарымыз оны тезірек қарағаны жөн болар.  

Биыл Үкімет «Кітапхана және баспа ісі туралы» заң жобасын да әзірлеп, Құрылтайға енгізуі қажет. Бұл – ұлтымыздың зияткерлік әлеуетін нығайту үшін қажетті құжат. 

Бұдан бөлек, мен таяуда «Шәмші Қалдаяқов» медалі мен «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын енгізу жөнінде тапсырма бердім.  

Бұл мәртебелі марапаттар ұлт мәдениетіне қалтқысыз қызмет етіп, соның ішінде музыка және бейнелеу өнерін дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтарға беріледі. Енді осы бастаманың заңнамалық негізін қалыптастыру қажет», - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше қажеттілігі бар балаларды жан-жақты қолдауға арналған заң жобасына да баса назар аударды.

«Бұдан бөлек, Құрылтай қос палаталы Парламенттің депутаттары қарап үлгермеген бірқатар заң жобасын қабылдауға тиіс. Ерекше қажеттілігі бар балаларды жан-жақты қолдау жөніндегі заңға баса назар аудару қажет. Мен осы мәселе жөнінде Ұлттық құрылтайдың Бурабайдағы отырысында айттым.  Біз ерекше қажеттілігі бар балаларға көрсетілетін атаулы қолдаудың тиімді жүйесін құруымыз керек. Олардың толыққанды білім алуына жағдай жасау қажет. Әсіресе, медициналық және әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру керек.  Осындай балаларға арналған орталықтарды әр облыстың және үлкен аудандардың қалаларында салу қажет. Демеушілер де осы маңызды іс-шараға қатысады деп сенемін. Мемлекет шын мұқтаж жандарға әрдайым қолдау көрсетуі керек. Бұл – мен үшін тұрақты ұстаным», - деді ол.

Президенттің айтуынша, жалпы, біз өскелең ұрпақтың қолайлы және, ең бастысы, қауіпсіз ортада өмір сүруі үшін барынша жағдай жасауымыз керек. Осы орайда, Үкімет 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне заң арқылы тыйым салуды ұсынып отыр.  

«Бұл мәселеге таяуда өткен Тамыз конференциясында арнайы тоқталып өттім. Мұндай шара әлемнің көптеген елінде қабылданып жатыр. Мен мұны қолдаймын. Осы жұмысқа баса назар аудару қажет деп санаймын. Бірақ тиісті заңды қабылдасақ, оны толығымен жүзеге асыру мәселесін ойлауымыз керек, себебі, қауқарсыз заң ешкімге қажет емес.

Энергетика саласының технологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге, баламалы энергия көздерін дамытуға мүмкіндік беретін заң жобаларын да тездетіп қарастыру маңызды.  

Сондай-ақ онлайн-платформалар мен масс-медиа мәселесіне қатысты заңдарға айрықша назар аудару керек. Ақпарат кеңістігінде азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін қосымша шаралар қабылдау қажет», - деді Мемлекет басшысы.

Оқи отырыңыз: Тарихимызда жарқын жеңістер мен жетістіктер аз емес – Тоқаев

Толық көрсету