Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп асханаларындағы тамақтың сапасына баса мән берген жөн деді
Президент Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында Маңғыстау облысындағы балалардың астан улану дерегіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Орайлы сәтті пайдалана отырып, күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге қатысты ойымды жеткізгім келеді. Жаңа оқу жылы басталған сәттен елімізде білім жүйесіне байланысты мәселелер жиі көтеріледі. Білім саласында елеусіз қалдыратын мәселе болмайды деп санаймын.
Мәселен, мектептерде бастауыш сынып оқушылары мен аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар мемлекет есебінен тегін ыстық тамақпен қамтылады", - деп атап өтті Президент.
Ол алайда мектеп асханаларындағы тамақтың сапасына баса мән берген жөн деді.
"Жақында Маңғыстау облысында балалар астан уланды. Бұл оқиғаның қоғамда қызу талқылануы орынды. Мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу керек. Санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуын қатаң бақылау қажет. Бірақ мәселенің мәні тым тереңде жатыр. Оқушыларды сапасы күмәнді әрі арзан азық-түлікпен тамақтандыра алмаймыз. Балаларды тамақтандырудың халықаралық стандарттарына ұмтылғанымыз дұрыс. Асханадағы тағамдар өсіп келе жатқан ағзаны барлық қажетті дәруменмен қамтамасыз етуі керек. Бұл өскелең ұрпақтың денсаулығына тікелей әсер етеді”, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент құзырлы мекемелердің мектеп асханаларындағы азық-түліктің сапасын көтеру мәселесімен мұқият айналысуы қажет екеніне тоқталды.
"Мектептерде дұрыс тамақтандыру мәдениетін қалыптастыру үшін агроөнеркәсіп кешені білім беру орындарының серіктесіне айналғаны жөн", - деді ол.
Оқи отырыңыз: Жылқы шаруашылығы институтын құруды тапсырамын – Тоқаев