Президент ҰҚК-нің жаңа төрағасын таныстырып, міндеттер жүктеді

16.11.2026 12:20

Мемлекет басшысының Жарлығымен Марат Ғатаұллаұлы Ирменов Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды, деп хабарлайды Almaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Тағайындаудан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығымен жиын өткізіп, ведомствоның жаңа басшысы Марат Ирменовті таныстырды. Сондай-ақ оған бірқатар міндет жүктеді.

Мемлекет басшысы ұлттық қауіпсіздік органдары жүйесін реформалау, алға қойылған мақсаттарға қол жеткізудің жаңа тәсілдерін әзірлеу және ведомство қызметінің тиімділігін арттыру қажеттігін атап өтті.

Президент «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыруға, мемлекеттің экономика саласындағы ұлттық мүдделерін қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлыққа және өзге де заң бұзушылықтарға қарсы іс-қимылға баса назар аудару керектігін айтты.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев кадрларды іріктеу жүйесін жетілдіруді, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылыққа төнетін қауіптердің алдын алу жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ басым мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға бағытталған профилактикалық шараларды күшейту міндетін жүктеді.

Толық көрсету