Президент Республика күні қарсаңында бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады

23.10.2026 13:51
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында сөз сөйледі, деп хабарлайды Almaty.tv.

"Қазір ортамызда отырған азаматтардың бойында осы құнды қасиеттердің бар екені анық. Солардың бірі «Еңбек Даңқы» наградасының толық кавалері - Әбдірашит Қойшыбекұлы Доспанов. Ол әке ізін басып, 40 жылдан астам уақыт металлургия саласында абыройлы жұмыс істеп келе жатыр. Кәсіби шеберлігі мен еңбекке адалдығының арқасында зор табысқа жетіп, елімізді өркендетуге мол үлес қосып жүр. Бүгінде жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, оларға өмірлік кәсібінің қыр-сырын үйретуде. Мен бүгін Әбдірашит Қойшыбекұлы Доспановқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беру туралы шешім қабылдадым, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Республика күніне арналған салтанатты жиында ұстаздар мен өнер қайраткерлерін марапаттады

"Осы мерекелік жиынға төл мәдениетіміздің көрнекті өкілі, белгілі сазгер, ұстаз Алтынбек Қоразбаев қатысып отыр. Оның әндері бірнеше буынның жүрегіне жол тауып, қазақ өнерінің алтын қорына қосылды. Мен бүгін Алтынбек Қоразбаевқа ең жоғары марапат – «Отан» орденін табыстаймын. Қазір арамызда даңқты альпинист Қазбек Уәлиев отыр. Ол дүние жүзінің ең биік шыңдарын бағындырып, әлемдік альпинизмнің аңызына айналды. Мен Қазбек Шәкімұлының ерен еңбегін ескере отырып, оны ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттауды ұйғардым. Наталья Викторовна Сафиулина жоғары педагогикалық шеберлігімен, кәсібилігімен және сүйікті ісіне адалдығымен көрінді. Жаңашыл ұстаз ерекше балаларды оқытуда озық тәсілдер енгізіп отыр. Мемлекет шын мәнінде инклюзивті қоғам қалыптастыруға үлес қосып жүрген осындай педагогтерді әрдайым қолдайды. Білім беру саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Наталья Викторовна Сафиулинаға «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы беріледі. Сондай-ақ руханиятымыздың өрісін кеңейтуге зор үлес қосып жүрген өнерпаз, танымал опера әншісі Талғат Маратұлы Мұсабаевқа «Қазақстанның халық әртісі» атағы беріледі. Өнер қайраткерлерімен қатар, мәдениет саласын зерттеген ғалымдардың да еңбегі зор құрметке лайық. Осы орайда, музей ісін дамытуға және тарихи-мәдени мұрамызды сақтауға белсене атсалысып жүрген белгілі өлкетанушы Бауыржан Өзбекәліұлы Жәнібековке «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы беріледі. Сонымен қатар ұлағатты ұстаз, өнертанушы ғалым Эльмира Сәкенқызы Сұлтанғалиеваға «Құрмет» ордені табысталады", — деді Мемлекет басшысы.

Президент Жұмысшы мамандық иелері еліміздің өркендеуіне белсене атсалысқанын атап өтті.

"Қазір осы жерде адал еңбегімен зор табысқа жеткен нағыз еңбек адамдары отыр. Бұл орайда «Астана-Көгалдандыру құрылысы» мекемесінің қызметкері Дидар Телжанұлын ерекше атап өтуге болады. 
Осы саладағы игі істер мен Президент ретінде ұсынған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасымен тығыз байланысты. Бұл бүкіл елімізге өте қажетті жұмыс деп айтсақ, қате болмайды. Өйткені көшелеріміз таза болмаса, әрбір жерде ағаш пен гүлдер көп егілмесе, азаматтарымыз табиғатқа қамқор болмаса, еліміз де жасампаз болмайды. Бұл – анық нәрсе.

Бұл – Үкімет болсын, Құрылтай болсын, құқық қорғау мекемелері болсын, жергілікті билік өкілдері мен басқа да мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың, барлық жоғары оқу орындарының, мектептердің ортақ парызы. Басқа сөзбен айтқанда, бұл – жалпыұлттық қозғалыс. Бүгін елордамызды көркейтуге елеулі үлес қосқан білікті маманға «Құрмет» ордені беріледі. Ал «Астана орманы» ұйымында табысты жұмыс істеп жүрген Аманжол Төкенұлы Үйсінбаев «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталады»,  - деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданынан келген механизатор Сергей Николаевич Пустыльниковке лайықты құрмет көрсеттті.

"Сергей Николаевич Пустыльниковотыз жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында жемісті жұмыс істеп, жиған тәжірибесін жас буынға үйретіп келеді. Адал еңбегі мен толайым табысы үшін Сергей Николаевич Пустыльников ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталады. 
Біз ұлт саулығын нығайту және зияткер ұрпақ тәрбиелеу ісіне баса мән беріп отырмыз. Ұстаздар мен дәрігерлер қауымына жан-жақты қолдау көрсету және олардың еңбегіне зор құрметпен қарау – маңызды міндет.

Бүгін аға мейірбике Анар Рахманбекқызы Әбдіқұловаға және ұлағатты ұстаз Сәлима Ибраиымқызы Жұмамұратоваға «Шапағат» медалі табысталады. Қоғамдық келісім – егемендігіміздің мызғымас кепілі. Бүгін ырысты ынтымағымызды нығайту жолында жемісті еңбек етіп жүрген бір топ азаматқа «Ел бірлігі» ордені табысталады.

Сонымен бірге бүгін мемлекетімізді көркейтуге белсене атсалысқан, адал еңбегімен көпке үлгі болған 2 мыңнан астам азамат марапатталады. Соның ішінде 270-ке жуық білім-ғылым, денсаулық сақтау саласының қызметкеріне, 473 жұмысшы мамандығы өкілдеріне және 129 еңбек ардагеріне, сондай-ақ, 200-ден астам шағын және орта бизнес өкіліне мемлекеттік награда тапсырылады", - деді Мемлекет басшысы.

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы бәсекеге қабілетті әрі отаншыл ұрпақ тәрбиелеудің маңызын атап өтті

Толық көрсету