Президент суперкомпьютерді іске қосу рәсіміне қатысып, отандық ЖИ жобаларымен танысты

09.07.2025 21:58

Қасым-Жомарт Тоқаевқа MedTech, EdTech, GovTech және өнеркәсіп салаларындағы отандық IT-шешімдер таныстырылды

Ақорда

Мемлекет басшысы Alemcloud Ұлттық суперкомпьютер орталығына барып, NVIDIA H200 графикалық процессорлары базасында жасақталған суперкомпьютерді іске қосу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаңа дата-орталықтағы жүйені Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі халықаралық серіктестермен бірге орнатып, пайдалануға берді.

"Жаңа суперкомпьютер кластері FP8 форматында есептеу әдістемесі бойынша 2 экзафлопсқа дейінгі өнімділікті қамтамасыз ете алады. Есептеу қуаты жағынан Орталық Азия өңіріндегі ең үздігі саналады", - делінген хабарламада.

Қасым-Жомарт Тоқаев суперкомпьютердің іске қосылуы еліміздегі негізгі салаларды цифрландыратын маңызды қадам екенін атап өтті. Бұл Қазақстанның цифрлық технологияларды дамытуда айтарлықтай өркендеуіне ықпал етеді.

Суперкомпьютердің есептеу қуатын нейрожелі шешімдерін әзірлеумен айналысатын стартаптар, университеттер мен ғылыми орталықтар, сондай-ақ мемлекеттік мекемелер мен жеке компаниялар пайдалана алады.

Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ұлттық суперкомпьютер орталығында MedTech, EdTech, GovTech және өнеркәсіп салаларындағы отандық IT-шешімдер таныстырылды.

Атап айтқанда: SmartCity Astana жобасы инновациялық технологияларды енгізу арқылы қаладағы өмір сүру сапасын жақсартуды көздейді. Жасанды интеллектіні қолданатын 100 мыңнан аса бейнебақылау камерасы іске қосылып, елорданың цифрлық сыңары жасалады. Бұл қоғамдық орындардағы ықтимал тәуекелдерді онлайн-режимде анықтап, жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Жобаны жеке серіктес толығымен қаржыландырады.

"AlemLLM жобасы – дәлдігі жоғары қазақ тілінің үлкен тіл моделі. Жергілікті қолданысқа бейімделген. Модель балама шешімдердің арасында үздік көрсеткіштерге ие және түрлі салада кеңінен қолданысқа арналған. AI Kitap жобасы – цифрлық AI-оқулықтарға арналған платформа. Әр оқушының білім деңгейіне, сабақ үлгеріміне және жеке талғамына қарай оқыта алады", - делінген хабарламада.

Baspana Hub – азаматтардың тұрғын үйге сұраныстарын онлайн түрде шешуге арналған цифрлық экожүйе. Жүйе арқылы маркетплейстен үй іздеп, сатып алуға, жылжымайтын мүлікке қатысты мемлекеттік қызметтерді алуға, жөндеу жұмыстарының немесе құрылыс материалдарының онлайн-сметасына тапсырыс беруге болады. Жоба сырттан қаржы, инвестиция тартпай жүзеге асырылған.

Biny.co – жүк тасымалы саласындағы отандық стартап. Команда Google for Startups – Silkway Accelerator бағдарламасына қатысып, үздік үштікке енген. Өнімді тұтынушылар қатарында QazPost, Coca-Cola, Gorilla Asia және Zeta Trade компаниялары бар.

Surfaice.pro – Кремний алқабындағы қазақстандықтар негізін қалаған технологиялық компания. Стартап құрылыс саласына арналған инновациялық шешімдер әзірлеумен айналысады. АҚШ-тың бес штатында жұмыс істейді. Компания Big Sky Capital және Shadow Ventures қорларынан 1,5 миллион доллар инвестиция тартқан.

OlympIQ – спорт саласын дамытуға арналған технологиялық платформа. Жүйе ЖИ көмегімен талдамалық, операциялық, медициналық және ұйымдық деректерді өңдеуге мүмкіндік береді.

Орман өртін алдын ала анықтау жүйесі өртке қарсы әрекет ету уақытын едәуір қысқартып, апаттың ауқымы мен шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Жоба бейнемониторинг, бейнеталдау және жасанды интеллект технологиялары негізінде жұмыс істейді. Аталған жүйе «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен «Ертіс орманы» резерватына енгізілген.

AI-хаттама агенті – мемлекеттік органдардағы жиналыстың аудиожазбалары негізінде транскрипция жасап, хаттама дайындайтын жасанды интеллект қызметі. Жоба құжат айналымын жеделдетуге, қол еңбегін азайтып, ақпараттың нақтылығы мен сақталуын жақсартуға бағытталған.

AI-Терапевт – дауыс арқылы енгізілген ақпарат негізінде медициналық құжаттаманы автоматты түрде әзірлейтін ЖИ жүйесі. Аталған жоба сырқаттың анамнезін қалыптастырып, ықтимал диагнозды алдын ала анықтай алады. Сондай-ақ тиісті клиникалық ұсынымдары бар медициналық есепті автоматты түрде құрастырады.

ЖИ қолдану арқылы радиологиялық зерттеулерді орталықтандыру (PACS жүйесі) жобасы онкологиялық ауруларды ерте кезеңінде анықтауға арналған. Бұл жүйе медициналық кескіндерді сақтап, өңдеуге мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз: Президент елордадағы үшінші ЖЭО-ның жұмысымен танысты