Президент тапсырмасын орындау: Қазақстанда 4 фармацевтикалық зауыт салынады

22.01.2026 09:55

Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыларға қол қойды

Depositphotos.com

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде фармацевтика саласында отандық өндіріс үлесін арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде, деп хабарлайды Almaty.tv.

Үкімет фармацевтикалық өндірістерді локализациялау бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен бірқатар компания арасында инвестициялар туралы келісімдер жасасуды мақұлдады. Бекітілген жобаларға тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 173 млрд теңге.

Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыларға қол қойды.

Жобаларды жүзеге асыру арқылы әлеуметтік маңызы бар дәрілік заттарды қоса алғанда, 356 дәрі-дәрмек түрінің өндірісін локализациялау көзделген. Өндірістік желі онкологиялық аурулар мен қант диабетін емдеуге арналған дәрілерді, сондай-ақ иммунобиологиялық, вирусқа қарсы, антианемиялық, ауырсынуды басатын, қабынуға қарсы, суық тиюге қарсы және микробтарға қарсы препараттарды қамтиды. Жаңа кәсіпорындар Алматы қаласында (екі жоба), сондай-ақ Түркістан және Алматы облыстарында орналасады.

Атап айтқанда, бір фармацевтикалық зауытты Алматы қаласындағы «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында салу көзделіп отыр. Инвестиция көлемі 58,5 млрд теңгеге бағалануда. Жоба аясында 54 дәрілік зат түрін шығару жоспарланған, оның 35-і – әлеуметтік маңызы бар препараттар. Өндірістік портфельге иммунобиологиялық препараттар, сондай-ақ онкологиялық аурулар мен қант диабетін емдеуге арналған дәрі-дәрмектер кіреді. Жоба аясында 60 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Стратегиялық серіктестер ретінде бірқатар компания қатысады.

Сондай-ақ Алматыда халықаралық GMP стандарттарына сәйкес белсенді фармацевтикалық ингредиенттерді, дәрілік заттар мен биопрепараттар өндіруге арналған фармацевтикалық кешен салуды көзделіп отыр. Инвестиция көлемі – 39,2 млрд теңге. 53 дәрілік зат шығару жоспарланған, оның ішінде 17-сі – әлеуметтік маңызы бар. Жоба аясында кемінде 200 жұмыс орнын ашу көзделген. 

Тағы бір жоба аясында Алматы облысында көпсалалы өндірістік желілері бар фармацевтикалық кешен құру көзделген. Инвестиция көлемі – 39 млрд теңге. 76 дәрілік зат шығару жоспарланған, оның ішінде вирусқа қарсы препараттар, II типті қант диабетін емдеуге арналған дәрі-дәрмектер және антианемиялық препараттар бар. Жоба аясында кемінде 150 жұмыс орны ашылады. 

Келесі жоба бойынша инвестициялардың жалпы көлемі 36,7 млрд теңге болатын жоғары технологиялы фармацевтикалық зауытты Түркістан облысындағы TURAN арнайы экономикалық аймағында және Алматы облысындағы өндірістік алаңдарда салу көзделген. Жоба аясында 101 дәрілік зат, оның ішінде ауырсынуды басатын, қабынуға қарсы, суық тиюге қарсы және микробтарға қарсы препараттар өндіру жоспарланған. Шамамен 265 жұмыс орны ашылады. 

Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру шеңберінде барлығы шамамен 675 жаңа жұмыс орны ашылады.

Зауыттар құрылысы және оларды іске қосу қазақстандық дәрілік заттар өндірісінің үлесін айтарлықтай арттыруға, фармацевтика нарығындағы импортқа тәуелділікті азайтуға, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінің тұрақтылығын нығайтуға және халықты отандық өндірістің сапалы әрі қолжетімді дәрі-дәрмектерімен қамтуға мүмкіндік береді. Бұл дәрі-дәрмек қауіпсіздігін арттыру мен денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығын күшейтудің маңызды элементтерінің біріне айналады.

Оқи отырыңыз: Кореяда заңсыз жүрген қазақстандықтар елден айыппұлсыз шыға алады