Президент Түркістан облысындағы бу-газ қондырғысының құрылысын тездетуді тапсырды

21.03.2026 14:23

Мемлекет басшысы өңірдің даму қарқынын жоғары бағалады 

Ақорда

Президент Түркістан облысының даму қарқынын жоғары бағалады,  деп хабарлайды Almaty.tv

Мемлекет басшысының айтуынша, көне шаһардың бірегей тарихи келбетін сақтау, мәдени мұрасын қорғау және жалпы осы облысты тұрақты дамыту – еліміз үшін маңызы зор міндеттердің бірі.

"Мен өзім Мемлекет басшысы ретінде бұл мәселеге айрықша мән беремін. Бір жыл бұрын Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы арнайы Заң қабылдадық. Бүгінде облыстың даму қарқыны жалпы жақсы деп айтуға болады, көптеген жұмыс істеліп жатыр. Әкім Нұралхан Көшеров белсенді түрде жұмысқа кірісті, өзі жергілікті ахуалмен таныс, жұмысының нәтижесі сәтті болады деп ойлаймын.

Былтыр аймақ экономикасы 14 пайызға өсті. Барлық салада жақсы көрсеткіштер пайда болып жатыр. Салық түсімі алғаш рет 1 триллион теңгеден асты. Аймаққа 1,7 триллион теңге инвестиция тартылды.Үкіметтің мәліметі бойынша облыстағы елдімекеннің басым көпшілігі таза ауыз сумен қамтылды. Бірақ кейбір ауданда әлі де түйткілдер бар екен, тиісті министрлік әкімдікпен бірге бұл мәселелерді тез арада шешуі қажет", - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, табиғи газ бойынша облыс халқының 90 пайызға жуығы қамтылған. Бұдан бөлек, аймақта 83 әлеуметтік нысан ашылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 16 білім ордасы салынды. Ауылдық жерлерде 35 денсаулық сақтау нысаны іске қосылды. 

Осылай деген Қасым-Жомарт Тоқаев облыста салынып жатқан бу-газ қондырғысының құрылысын тездетуді тапсырды.

"70 жылдан бері жөндеу жұмыстары жасалмаған Кентау жылу энергия орталығын жаңғыртуға қомақты қаржы бөлінді. Сондай-ақ тағы бір маңызды мәселе. Облыста салынып жатқан бу-газ қондырғысының құрылысын тездету керек. Жұмыс созылып кетті. Үкіметке және «Самұрық-Қазынаға» осы мәселені қатаң бақылауға алуды тапсырамын.

Жалпы, аймақта түрлі өндіріс кәсіпорындары ашылып, жүздеген адам біртіндеп жұмыспен қамтылып жатыр. Мұның бәрі де – ел ішінде болып жатқан нақты жұмыстың көрінісі. Мен әрдайым айтып жүремін: аймақтарымыз қуатты болса, мемлекет те мықты болады. Бұл біздің жетістіктеріміздің негізгі формуласы деп айтсақ, артық болмайды.

Сондықтан өңірлердің экономикасын нығайтып, халықтың әл-ауқатын жақсарту мемлекеттің басты назарында тұратын стратегиялық мақсат болып қала бермек", - делінген хабарламада.

Оқи отырыңыз: Наурызбай ауданында Наурыздың мерекелік қалашығы бой көтерді