Қасым-Жомарт Тоқаев ақпараттық қауіпсіздікке төнетін қатерді тойтарудың маңызын атап өтті
Мемлекет басшысы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылық құрамымен жиын өткізді, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетіне барып, жедел-техникалық бөлімшелердің жұмысымен танысты.
Мемлекет басшысына киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету, жасанды интеллект технологияларын пайдалану мүмкіндіктері, үкіметтік және қызметтік байланысты дамыту жобалары көрсетілді.
«Қасым-Жомарт Тоқаев баяндамаларды тыңдап, ақпараттық қауіпсіздікке төнетін қатерді тойтару және еліміздің маңызды инфрақұрылымының тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасаудың маңызын атап өтті», - делінген хабарламада.
Жиын соңында Президент аталған бағыттағы іс-қимылды жетілдіру бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.
Оқи отырыңыз: Алматы әкімі аула мен көше жарығын жаңғырту қарқынын арттыруды тапсырды