Шымкент оңтүстіктегі ірі ғылым және білім орталығына айналмақ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне ұлттық мәртебе беру туралы шешім қабылдады. Президент бұл туралы ІІІ Стратегиялық серіктестер форумында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан Шымкентті оңтүстік аймақтағы ірі ғылым және білім орталығы ретінде дамытуды көздеп отыр.
Қазірдің өзінде қалада Аризона штаты университетінің білім беру бағдарламасы жүзеге асырылып, Түркияның Гази университетінің филиалы ашылған.
«Бұл жұмысты одан әрі жандандырып, Шымкенттің ғылым және білім саласындағы әлеуетін күшейте түсуіміз қажет. Мен халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне ұлттық мәртебе беру туралы шешім қабылдадым», – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, Әуезов университеті – аймақтағы ең ірі жоғары оқу орны. Шымкенттегі әрбір бесінші студент осы университетте білім алады.
«Ұлттық мәртебе білім ордасымен қатар, құзырлы министрлікке де зор жауапкершілік жүктейді. Сондықтан Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті сапалы білімнің, терең ғылымның ошағы, аймақтың зияткерлік орталығы болуға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Астана мен Алматының еліміздегі жетекші ұлттық университеттер орналасқан зияткерлік, ғылыми және мәдени орталықтар екенін атап өтті. Ендігі міндет – Шымкенттің де осы бағыттағы әлеуетін арттыру.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда шетелдік студенттер саны 41 мыңға жетті