Президент жаңа Құрылтай төрағасын ұсынды

28.08.2026 12:29

Жаңа Конституцияға сәйкес Құрылтай ресми түрде өз жұмысына кірісті

Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясында Құрылтай төрағасы қызметіне Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын ұсынды, деп хабарлайды Almaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Президенттің айтуынша, жаңа Конституцияға сәйкес билік институттарын жасақтау үшін бірқатар рәсімді өткізу қажет. Соның ішінде алдымен Құрылтайдың басшылық құрамы мен құрылымын қалыптастыру керек.

«Конституцияның 57-бабына сәйкес Құрылтай Төрағасының лауазымына кандидатураны Президент ұсынады. Мен жауапкершілігі зор бұл лауазымға Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын ұсынамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Айбек Дәдебайдың мемлекеттік басқару жүйесінде көп жыл қызмет атқарғанын, тәжірибесі мол екенін атап өтті.

«Өзінің білімді, отаншыл, адал азамат екенін нақты істерімен дәлелдеді. Сондықтан оны осы лауазымға лайық деп санаймын. Құрылтай депутаттарынан Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын қолдауды сұраймын», – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа сайланған Құрылтай алдында Үкімет өз өкілеттігін тоқтататынын айтты.

«Құрылтайдың құрылымы жасақталған соң мен өздеріңізге Вице-Президенттің және Премьер-Министрдің кандидатуралары бойынша ұсыныс енгіземін. Содан кейін сіздермен ақылдасып, Үкімет мүшелерін тағайындаймын. Сонымен қатар жаңа лауазымды – Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасарын тағайындаймын», – деді Мемлекет басшысы.

Президент Құрылтай мен Үкімет құрамы толық айқындалған соң Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауын жариялайтынын жеткізді.

«Жолдауда көтерілген барлық бастаманы атқарушы және заң шығарушы билік өкілдері бірлесіп, уақтылы әрі сапалы жүзеге асыруға тиіс. Лауазымды тұлғалардың бәрі, әсіресе, қызметіне енді кірісетін азаматтар алдымызда тұрған ортақ мақсат-міндеттерді білуі керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оқи отырыңыз: Құрылтай еліміз заңнамасын заман талабына сай жаңғыртуы керек – Президент

Толық көрсету