Президент: Жаңа Конституция – жастарға өмірде бағыт-бағдар сілтейтін темірқазық іспеттес

12.03.2026 16:17

Қасым-Жомарт Тоқаев конституциялық реформа қоғам игілігі үшін жасалып жатқанын айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында сөйлеген сөзінде қоғамдағы негізгі құндылықтар мен елдің болашағы туралы айтты. Президенттің сөзінше, бірлік, жауапкершілік, төзімділік, өзара қолдау және сенім рухы – біздің қоғамға тән асыл қасиеттер. Бұл қағидаттар елдің ертеңі үшін өте маңызды, және жастарымыздың оларды терең түсінетіні қуантады, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Біз дарынды ұл-қыздарымыздың спортта, өнерде, ғылымда, бизнес пен технология саласында бағындырған белестеріне шын жүректен қуанамыз. Олардың жетістіктерін тұтас ел болып атап өтеміз, мемлекеттік наградалармен марапаттаймыз. Төл мәдениетіміздің, технология саласындағы табыстарымыздың, ырысты ынтымағымыздың жарқын мысалдары Қазақстанды болашаққа қол созған прогрессивті әрі өркениетті ел ретінде танытады.

Өздеріңізге мәлім, жұмыс кеңестері мен кездесулерде, халыққа арнаған Жолдауымда барлық атқарушы органның жұмысындағы кемшін тұстарды ашық айтып, талдау жасаймын. Бұл – дұрыс. Әйтсе де көзге айқын көрініп тұрған жетістіктерді де атап өткеніміз жөн. Еліміздің барлық бағытта әлеуеті нығайып келеді. Ендігі міндет – даму қарқынын сақтап, жаңа мақсатқа жету үшін алға ұмтылу.

Биыл тәуелсіз ел болғанымызға 35 жыл толады. Осы уақыт аралығында жағымды және жағымсыз көптеген оқиғаға куә болдық. Мерейімізді өсірген, жігерімізді жасытқан сәттерді де бастан өткердік. Бастысы, біз шыңдалып, әлем елдерімен терезесі тең мемлекет ретінде өмір сүруді үйрендік. Алайда дүние бір орында тұрмайды. Әлем көз ілеспес жылдамдықпен өзгерді, адамзаттың дүниетанымы да жаңарды. Демек, бізге, яғни Қазақстан азаматтарына да өзгеру қажет. Халқымыздың болашағы осы үдерістің қаншалықты табысты жүзеге асатынына тікелей байланысты», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, жаңа Конституцияның мазмұны шын мәнінде халықтық сипатқа ие. Бұл маңызды құжат жұртымызға, әсіресе, өскелең ұрпақ пен жастардың игілігіне қызмет етеді.

«Жаңа Конституция – жастарға өмірде бағыт-бағдар сілтейтін темірқазық іспеттес. Өйткені өзгерістерге толы жаңа дәуірде елдің де, жердің иесі, қорғаны – жастар. Сондықтан бұл құжатты Қазақстанның алдағы онжылдықтардағы орнықты дамуына негіз қалайтын саяси тұғыры десек, қателеспейміз. Қазіргі конституциялық реформаны Ата заңымызға 2022 жылы енгізілген өзгерістерден бөліп қарауға болмайды. Ол кезде бас құжаттың үштен бірі жаңартылды. Бізге сол уақыттың өзінде жаңа Конституция қабылдауға болар еді. Осындай ұсыныс көптеген қоғамдық алаңда, сарапшылар ортасында айтылды. Дегенмен бірқатар саяси жаңашылдықты жүзеге асырып, содан кейін ғана еліміздің конституциялық негіздерін біртіндеп өзгертуге кірісу жөнінде шешім қабылданды. Жасыратын ештеңесі жоқ, бұл менің шешімім.

Қазіргі конституциялық реформа қоғам сұранысына сай келеді, сондықтан халықтық сипатқа ие болды. Әуелі күн тәртібіне парламенттік реформа мәселесі ғана қойылған еді. Алайда қоғамдық талқылаулар бұл бастаманың аясынан шығып кетті. Азаматтардан төрт мыңға жуық ұсыныс түсті. Оның 15 пайызға жуығы Парламенттің қызметіне қатысты, ал қалғаны ауқымды конституциялық реформаның түрлі аспектісін қамтыды. Нәтижесінде конституциялық комиссияға келіп түскен өтініштердің саны он екі мыңға жетті. Негізгі заңның жобасына қатысты талқылаулар жарты жылдан астам уақытқа созылды. Бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланды. Жалпы, бұл үдеріске бүкіл қоғам білек сыбанып кірісті. Азаматтарымыз eGov және eOtinish платформаларында ойларын ортаға салды. Комиссия отырыстарын әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирде көргендер саны миллионнан асты», - деп тоқталды Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Мемлекет басшысы «ауқымы жағынан да, құрамындағы мамандардың кәсіби деңгейі тұрғысынан алып қарасақ та, теңдесі жоқ комиссияның өте көп жұмыс атқарғанын айтты.

«Мыңдаған ұсынысты жүйелеп, ретке келтіру – оңай шаруа емес. Мен осы сәтті пайдаланып, Халық Конституциясының мәтінімен жұмыс істеген барша азаматқа тағы да зор алғыс айтамын. Сондай-ақ ел тағдырына тікелей әсер ететін мәселеге бейжай қарамай, өз ұсыныстарын жолдаған адамдарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Сарапшылар барлық негізгі мәселе бойынша ортақ мәмілеге келген соң ғана жаңа Конституцияның соңғы жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, республикалық референдумға шығарылды. Енді алдағы жексенбіде халқымыз дауыс береді. Бұл референдумның Қазақстан тарихындағы орны ерекше болатыны сөзсіз», - деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оқи отырыңыз: Азаматтарымызды қиын жағдайда қалдырмаймыз: Президент мемлекеттік саясат қағидаты туралы