Биыл 7 перспективалы нысан туралы алдын ала деректер алынған
Мемлекет басшысының жер қойнауын кешенді зерттеу жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде елімізде алғаш рет 1:50 000 масштабтағы геологиялық түсірілім басталды, сондай-ақ саланы ауқымды цифрландыру жүргізілуде. Бұл туралы Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Алдағы үш жылда 100 мың шаршы шақырым аумақта 20 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Дәстүрлі әдістермен қатар, жасырын кен орындарын анықтау үшін Ionic Leach технологиясы, геологиялық деректерді талдау үшін жасанды интеллект, спутниктік деректер мен дрондар қолданылады», — деді вице-министр.
Вице-министрдің сөзінше, биыл 7 перспективалы нысан туралы алдын ала деректер алынған, оларды келесі жылы аукционға шығару жоспарлануда.
Сонымен қатар саланы ауқымды цифрландыру жүргізілуде. Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасында 70 мыңнан астам геологиялық есеп пен 109 мың аумақ контуры орналастырылған, бастапқы геологиялық ақпараттың 100%-ы, яғни 4,8 млн-ға жуық дерек цифрландырылды.
Оқи отырыңыз: Алматыда Қайым Мұхамедхановтың 110 жылдығына орай ғалымның есімі ұлықталды