Президенттің Жолдауы: айрықша маңызды металдардың қорын тиімді басқаратын ұлттық жүйе құру қажет
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның түсті және сирек кездесетін металдар қорын қалыптастыру, сондай-ақ отандық өндірісті жаһандық өндіріс тізбегіне қосу қажеттігін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Президенттің сөзінше, Үкімет осы бағытта дамыған елдермен стратегиялық серіктестік орнатуы керек. Сонымен қатар жаңа кәсіпорындар ашу кезінде жергілікті бизнестің мүддесі ескерілуге тиіс.
Мемлекет басшысы металл өндірісі саласындағы жоспарларды мысалға келтіріп, жаңа кәсіпорындардың өнімдеріне нарықта сұраныс болатынына көз жеткізу маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, экономиканы дамытуға қатысты шешімдер өзара үйлесімді қабылдануы қажет.
Президент өңірлердің әрқайсысы өзінің басым бағыттарын айқындап, бір ғана салаға немесе кәсіпорынға тәуелді болмауы керектігін айтты. Бұл ретте Үкіметтің үйлестіру рөлін күшейту маңызды.
Сондай-ақ негізгі өндіріс салаларымен қатар білім беру, қолданбалы ғылым, логистика, қызмет көрсету, сабақтас өндірістер мен технологиялық кәсіпкерлікті дамыту қажеттігі айтылды.
Мемлекет басшысының пікірінше, «Халықтық құрылыс» бастамасы әр өңірде осындай өзара байланысты экономикалық экожүйе қалыптастыруға ықпал етеді.