«Архитектор» бағдарламасы: Алматы-1 вокзалы қалай жаңғырып жатыр

26.03.2026 18:30
Almaty.tv

Almaty TV телеарнасы урбанистика, қолайлы қалалық ортаны қалыптастыру және Алматының сәулеттік мұрасын сақтау мәселелеріне арналған жаңа ақпараттық-ағартушылық «Архитектор» бағдарламасының екінші шығарылымын ұсынады.

Жаңа шығарылым Алматы-1 теміржол вокзалын қайта жаңғыртуға – қаланың күн сайын мыңдаған жолаушыға қызмет көрсететін негізгі көлік тораптарының біріне және мегаполистегі тұрғын үйлердің қасбеттерін жаңартуға арналған. Бағдарламада сарапшылар мен сәулетшілер қала инфрақұрылымын жаңғырту жұмысы қалай жүзеге асатынын, мамандардың қандай сынға ұшырап жататынын және қала тұрғындарының өмір сапасын арттыру үшін қандай шешімдер қабылданып жатқанын қарапайым әрі түсінікті тілмен баяндап береді.  

Бас мердігер ұйымның өкілі Нариман Базиловтың айтуынша, вокзал ғимаратының жағдайы кешенді тәсілді қажет еткен. Жүргізілген техникалық сараптама нысанның ескірген талаптар бойынша салынғанын және қазіргі сейсмикалық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтінін көрсетті. Инженерлік желілер мен құрылымдық элементтер айтарлықтай тозған, ал соңғы қайта жаңғырту жұмысы 20 жылдан астам бұрын жүргізілген.

Жоба аясында ішкі қаптамаларды демонтаждау жұмыстары жүргізілді, енді ғимаратты сейсмикалық күшейтуге және инженерлік коммуникацияларды ауыстыруға дайындық жасалуда. Жұмыстар аяқталған соң вокзал 9 балға дейінгі жер сілкінісіне төтеп бере алады.

«Барлық жолаушыға, соның ішінде қозғалысы шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінуде. Қайта жаңғырту барысы қала басшысының бақылауында: әкім нысанды аралап, жұмыс барысымен танысты және азаматтардың келу жағдайын жақсарту бойынша нақты тапсырмалар берді. Барлық ескерту жобаға енгізілді», – деді бас мердігер ұйымның өкілі Нариман Базилов.

Жоба дизайнері Әлібек Есмұхановтың айтуынша, қайта жаңғырту барысында заманауи материалдар қолданылып, ғимараттың тарихи келбеті сақталады. Атап айтқанда, қасбет 1974 жылғы стильдегі табиғи тас қолдану арқылы қалпына келтіріледі, ал ішкі кеңістіктер шамамен 12 метрлік медиапанно, LED-экрандар, музей аймағы, коворкинг және демалыс аймақтары сияқты заманауи элементтермен толықтырылады.

Қайта жаңғыртудан кейін вокзалдың жолаушылар ағыны қарбалас кезеңдерде тәулігіне 11 мыңнан 16 мың адамға дейін артуы мүмкін екені айтылды. Сонымен қатар қазіргі кезеңдегі жөндеу жұмыстары жолаушыларға қолайсыздық тудырып жатқан жоқ: навигация, қауіпсіздік пен нысанның үздіксіз жұмысы қамтамасыз етілген.

«Қауіпсіздікке келсек, вокзалда 211 бейнебақылау камерасы орнатылған. Сондай-ақ арнайы операторлар жұмыс істейді, бұл тәртіпбұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік береді», – деді Алматы-1 теміржол вокзалы директорының орынбасары Бексұлтан Оразаев.

Сонымен қатар «Архитектор» бағдарламасында Алматыдағы тұрғын үйлердің қасбетін жаңарту мәселелері де қарастырылады. «АлматыБасЖоспар ҒЗИ» ЖШС әлеуметтік жобалау бөлімінің басшысы Тимур Ақатжановтың айтуынша, мегаполисте қалалық ортаның келбетін үйлестіруге бағытталған бірыңғай сәулеттік стратегия жүзеге асырылып жатыр. Тарихи аудандарда классикалық элементтер сақталса, заманауи аймақтарда өзекті сәулеттік шешімдер қолданылады.

«Тарихи құндылығы бар үйлердің барлық сәндік элементі қалпына келтіріліп, сырлау, қасбетті жаңарту және сылақ жүргізу сияқты дәстүрлі әдістер арқылы қайта жаңғыртылады», – деді Тимур Ақатжанов.

Өз кезегінде әкімдік өкілдері бағдарлама аясында алғашқы тұрғын үйлердің жаңартылғанын, ал биыл қала аудандарында ондаған ғимараттың қасбетін жаңғырту жоспарланып отырғанын хабарлады. Барлық жоба тұрғындардың пікірін ескере отырып жүзеге асырылып жатыр және қалалық ортаның эстетикалық әрі функционалдық сапасын арттыруға бағытталған.

«Алматылықтарға алаңдаудың еш қажеті жоқ – қаланың тарихи келбеті сақталып қалады әрі қазіргі заман талабына сай ортамен үйлесім табады», – деп атап өтті Тимур Ақатжанов.

«Архитектор» бағдарламасы қала инфрақұрылымындағы негізгі өзгерістермен таныстыруды жалғастырып, урбанистикадағы заманауи тәсілдердің тарихи мұраны сақтаумен және Алматы тұрғындары үшін жайлы өмір сүру кеңістігін қалыптастырумен қалай ұштасатынын көрсетеді.

Оқи отырыңыз: Ұйықтамайтын қала: Almaty TV-де «Архитектор» бағдарламасының арнайы шығарылымы жарық көрді