Елімізде ҒЗТКЖ үшін салықтық ынталандырулар енгізілген, сондай-ақ алғаш рет эндаумент-қор құрылған
Білім беру және ғылыми инфрақұрылымды дамыту шеңберінде қазір Қазақстанда 303 ғылыми зертхана, 62 коммерцияландыру орталығы жұмыс істеп тұр. Бұл туралы Үкімет отырысында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек хабарлады, - деп хабарлайды Almaty.tv Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министр елімізде ғылымды қаржыландыру ұлғайтылғанын, ҒЗТКЖ үшін салықтық ынталандырулар енгізілгенін, сондай-ақ алғаш рет эндаумент-қор құрылып, оған 2 млрд теңге тартылғанын, әрі қарай оның капиталын кезең-кезеңімен 10 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда екенін атап өтті.
«Бұл тұста экожүйенің өз алдына оқшау емес, Astana Hub және Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығымен тығыз өзара іс-қимыл арқылы қалыптасып жатқаны ерекше маңызды. Бұл ғылымды, стартаптарды, технологиялық командаларды және даму инфрақұрылымын біріктіретін бірыңғай контурды қалыптастырады», — деді Саясат Нұрбек.
Қазақстандық жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтар шетелдік серіктестермен бірлескен жобаларды жүзеге асыруда – ҒЖБМ
Бүгінде қазақстандық жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтар шетелдік серіктестермен бірлескен жобаларды жүзеге асыруда. Олардың қатарында жаңа материалдарды жасап шығару, қоршаған ортаға мониторинг жасау технологиялары, медициналық цифрлық шешімдер және басқа да бағыттар бар. Бұл туралы Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек хабарлады.
Ол халықаралық ынтымақтастық ел ішіндегі қолданбалы міндеттерді шешу бастамаларымен толыға түсетінін атап өтті.
«Бүгінде ғылыми-технологиялық сессиялар тетігі жүзеге асырылуда, оның аясында кәсіпорындар ғалымдар үшін нақты технологиялық міндеттерді жасақтауда. Бұл жұмысқа 500-ден астам ғалым қатысып, 200-ден астам технологиялық міндет қалыптастырылды. Бұл ретте бизнестің кемінде 30% көлемінде бірлесіп қаржыландыруы міндетті шарт болып табылады», — деді Саясат Нұрбек.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда инновацияларды дамытуда ғылым мен ЖОО-лардың рөлі артуда