Псориаз жұқпалы ма: дерматолог ауру белгілері мен емдеу жолын түсіндірді

Мира Байбек
Depositphotos.com
Depositphotos.com

Дәрігер псориазбен ауыратын адамдармен араласудан қорқудың қажеті жоқ екенін еске салады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Псориаз – иммундық жүйе қызметінің бұзылуына байланысты пайда болатын созылмалы тері ауруы. Ол бір адамнан екінші адамға жұқпайды. Бұл туралы Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының дерматолог дәрігері Гүлжан Бақытқызы Мейірманова түсіндірді, деп хабарлайды Almaty.tv Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап. 

Маманның айтуынша, псориаздың кең таралған түрлерінің бірі – түйіндақты псориаз. Бұл кезде теріде шекарасы айқын қызыл түсті дақтар пайда болады. Олардың беті күміс түстес ақ қабыршақтармен жабылады.

Мұндай түйіндақтар көбіне шынтақ пен тізеде, бастың шашты бөлігінде және бел тұсында кездеседі.

Дәрігер псориазбен ауыратын адамдармен араласудан қорқудың қажеті жоқ екенін еске салады. Өйткені ауру тұрмыстық қарым-қатынас, жанасу немесе басқа жолдар арқылы берілмейді.

Маман теріде бөртпе байқалған жағдайда дерматологқа қаралып, өздігінен ем қабылдамауға кеңес береді. Сондай-ақ теріні үнемі ылғалдандырып, жарақаттанудан сақтау маңызды. Дәрігер тағайындаған емді де үзбей жалғастыру қажет.

Псориазды бақылауда ұстауға болады. Ал айналасындағы адамдардың түсіністік танытып, қолдау көрсетуі осы аурумен өмір сүретін жандардың өзіне деген сенімін арттыруға көмектеседі.

Оқи отырыңыз: Алматыда «Халық қатысатын бюджет» жобаларына дауыс беру басталды