Қазақстанда көлік ұрлығының жаңа түрі пайда болды

05.07.2025 17:34

​​​​​​Полиция автокөлік иелеріне ескерту жасады

Қазақстанда автомобиль ұрлығының жаңа түрі пайда болды. Көлік тонайтындар енді радиосигналдарды тұншықтыратын арнайы құрылғы арқылы ойларын жүзеге асыруға көшкен. Бұл ретте тәртіп сақшыларының да айтары бар, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Байланыс бұғаттауға қауқарлы зат — алақандай ғана құрал. Ол кілттің немесе пульттің көлікке жіберетін сигналын бұғаттап, жүргізушінің есікті құлыптамағанын байқатпайды. Осы сәтті пайдаланған ұрылар ішке еркін кіріп, бағалы заттарды қолды етеді немесе көлігіңізді айдап кетуі де ғажап емес. Кейде қарапайым сақтық шаралары мүлкіңізді қолды болудан құтқаруы мүмкін. Мұның айқын дәлелі — жергілікті тұрғын Хамит Арқаевтың оқиғасы.

«Бірнеше ай бұрын есікті жапқанымда, бір дыбыс шықты, бірақ көлік шын мәнінде жабылмағанын байқадым. Дереу күдіктеніп, есіктерді жеке-жеке тексердім. Біреуі шынымен ашық қалған екен. Кейін түсінгенімдей, бұл «глушилка» деп аталатын ұрлық әдісі екен. Сол күннен бастап әрқашан есікті ашып-жауып тексеремін, GPS орнатып қойдым, енді көңілім тыныш», - деді Жезқазған қаласының тұрғыны Хамит Арқаев.

Қылмысқа қатысты пікір білдірген полицейлер мұндайда қосымша қауіпсіздік жүйелерін орнатуға кеңес береді. Ал автоэлектрик Андрей Чехомов мұндай құрылғылардың түрі көп және олардан тек жүргізушінің мұқияттылығы мен сапалы дабылқаққыш жүйесі ғана қорғай алады дейді.

«Қазір сигналды ұстап алатын «код-граберлер» бар – олар арқылы кез келген көлікті ұрлап кетуге болады. «Глушилка» деп аталатын әдіс арқылы радиосигналдарды тұншықтырып, пульт арқылы келетін толқындарды бұғаттауға болады. Жүргізуші көлігін жаптым деп ойлайды, ал жанында тұрған ұры – код-грабер арқылы көлікті қайтадан ашады», - деді автоэлектрик Андрей Чехомов.

«Автокөлігіңізді әсіресе түнгі уақытта қараусыз қалдырмаңыз. Көлікті тоқтатқанда, міндетті түрде есіктерін жауып, терезелерін түгел жабуды ұмытпаңыз. Автокөлікті күзетілетін тұраққа қойыңыз немесе жарық жақсы түсетін, бейнебақылау орнатылған аумақты таңдаңыз. Қосымша қауіпсіздік жүйелерін (дабыл жүйесі, құпия ажыратқыш, GPS-трекер) орнатуды қарастырыңыз. Есіңізде болсын: сіздің қырағылығыңыз — мүлкіңізді қорғаудың кепілі», - деді Сәтбаев қаласы патрульдік полиция взводы командирінің орынбасары Айдос Рамазанов.

Былтырдың өзі ел бойынша 138 автомобиль ұрланыпты. Түрлі әдіс-айла арқылы қолды болған бағалы мүліктің бәрі табылмағанын да айта кету керек. Ал мұның артында тыңғылықты дайындық пен алдын ала құрылған жоспардың жатқанын есте ұстаған жөн.

Қазір ұрылар технологияны шебер меңгерген. Сондықтан полиция да, мамандар да көлікті жауып қана қоймай, қосымша тексеріп, қорғаныс құралдарын орнатуға кеңес береді. Ең бастысы – сақ болу. Себебі көлігіңіздің қауіпсіздігі – алдымен сіздің қырағылығыңызға байланысты.

Алтынгүл Төлегенова, «Алматы» телеарнасы үшін Ұлытау облысынан

Оқи отырыңыз: Атырауда су тасқынына көмектескен кәсіпкер 625 млн теңгесін ала алмай жүр