Пышақтаған: Шымкенттегі қоқыс жәшігінен 26 жастағы әйелдің денесі табылды

01.08.2025 16:32

Куәгерлер күдіктінің 17 жастағы жасөспірім екенін айтып жатыр

Шымкенттегі қоқыс жәшіктерінің бірінен 26 жастағы әйелдің денесі табылды. Марқұм 21 шілдеде үйінен шығып, қайта оралмаған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Арада он күн өткенде мәйіт қала ішіндегі қоқыс салғыштың жанынан табылды. Бейресми деректерге сүйенсек, екі баланың анасы қосымша табыс табу үшін біреудің үйін тазалауға барған. Сол жерде оны белгісіз азамат 16 жерінен пышақтаған көрінеді. Куәгерлер күдіктінің 17 жастағы жасөспірім екенін айтып жатыр.

 «Шымкент қаласының 26 жастағы тұрғынын өлтіру жайты бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті анықталып, тергеу изоляторына қамалды. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жан-жақты тергеу жұмыстары жүргізілуде», – деді ПД Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Нұржан Мырзагелдиев.

Оқи отырыңыз: Шымкентте жасөспірім қыздар жыныстық құлдықтан құтқарылды