QAZAQ med travel: Алматыда медициналық туризм кеңсесі ашылды

Жаңа орталық шетел азаматтарын Қазақстанға сапалы медициналық қызмет алу үшін тартуға және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда медициналық туризмді дамытуға бағытталған жаңа жоба іске қосылды. №3 қалалық емхана базасында «QAZAQ med travel» медициналық туризм жобалық кеңсесі ресми түрде ашылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Жаңа орталық шетел азаматтарын Қазақстанға сапалы медициналық қызмет алу үшін тартуға және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

«Медициналық туризмге арналған жобалық кеңседеміз. Бізге келетін шетелдік немесе басқа науқастарға керекті медициналық көмек көрсете аламыз. Әйелдерге, ер адамдарға, балаларға арналған, эндокринологиялық және өзге  чек-апптарды өткізуге дайынбыз», – деді № 3 қалалық емхананың директоры Айзат Молдағасымова.

Жобаның алғашқы серіктестері – Үндістан, Қытай және көршілес елдермен халықаралық туризм бағытында жұмыс істейтін туристік операторлар мен компаниялар. Іс-шара барысында тараптар ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.

Жобалық кеңсе Алматыдағы медициналық ұйымдарды шетелдік клиникалармен байланыстырып, халықаралық медициналық туризм нарығына шығуға мүмкіндік бермек. Мамандардың айтуынша, бастама шетелдік науқастар ағынын арттырып қана қоймай, қаладағы қызмет сапасы мен халықаралық тәжірибені дамытуға ықпал етеді.

Оқи отырыңыз: Халық қатысатын бюджет: биыл Наурызбай ауданында 35 жоба іске асады