Әр купеде климатты бақылау жүйесі бар: Елімізде жасалған жаңа пойыздардың ерекшелігі қандай

11.11.2026 21:44

Бұл – отандық теміржол саласындағы маңызды жаңалықтардың бірі

Қазақстанда құрастырылған заманауи Stadler пойызы алғаш рет сапарға шықты. Жаңа құрам әзірге Алматыға қатынайды. Ал 13 қарашадан бастап Семейге де жолаушы тасымалдай бастайды. 2030 жылға дейін еліміздің барлық өңірін жаңа вагондармен қамту жоспарланған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстан теміржолында жаңа кезең. Енді жолаушылар Астанада құрастырылған швейцариялық технологияға негізделген заманауи пойыздарымен қатынай алады. Әр купеде жеке климатты бақылау жүйесі, USB порттары және 220 вольттық розеткалар қарастырылған. Орындықтар да қолайлы, қауіпсіздік талаптарына сай жасалған.

Вагонның кеңдігі кірген беттен бірден көзге түседі. Жаңа пойыздарда купе вагоны 40 жолаушыны, ал плацкарт 56 адамды қабылдай алады. 

«Бұрын вагондарда бір-екі ғана тоқ көзі болса, жаңа пойыздарда әр жолаушыға жеке тоқ көзі мен жарықтандыру жүйесі қарастырылған. Қауіпсіздік үшін түтін датчиктері орнатылған. Сонымен қатар әр купеде жеке климатты бақылау жүйесі бар. Жолаушылар температураны, кондиционер мен жарық деңгейін өз қалауы бойынша реттей алады. Сондай-ақ дәретхананың бос екенін көрсететін датчиктер мен жолсерікті шақыру батырмасы да қарастырылған», – деді  «Қазақстан темір жолы» ҰК PR-қызметінің маманы Нұрсұлтан Ибраев.

Жаңа пойыз 13 қарашадан бастап Семейге де қатынай бастайды. Ал жыл соңына дейін Жезқазған арқылы Қызылордаға және Атырауға бағыт ашу жоспарланыпты. Алдағы төрт жылда заманауи вагондар еліміздің барлық өңірін қамтымақ.

«2030 жылға қарай еліміздің 20 өңірі жаңа вагондармен қамтылады. Бұл жұмыс кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Вагондарды жеткізу кестесі 2030 жылға дейін жоспарланған. Жаңа пойыздың техникалық мүмкіндігі сағатына 160 шақырым жылдамдықпен жүруге жетеді. Алайда оған теміржол инфрақұрылымының мүмкіндігі де әсер етеді», – деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма төрағасы Әнуар Ахметжанов.

Пойыздың алғашқы сапарына аттанғандардың қатары да қалың болды. Ресми мәліметке сүйенсек, билеттердің 60 пайыздан астамы сатылып кеткен. Ал кейбір жолаушылар заманауи пойызбен сапарға шығамыз деп күтпеген де екен.

«Алматыға бара жатырмын. Жаңа вагондар беріпті ғой. Қазақстанның өндірісі. Керемет!» – деді жолаушы Нұрлан Жандарбеков.

«Дәл осы вагонға, осы пойызға мінеміз деп ойлаған жоқпыз. Вагондар жақсы, заманауи жабдықталған. Отыратын жері жайлы, төсектері салынып тұр», – деді жолаушы Руслан Қарақұлов.

«Ұнап жатыр, вагон өте керемет, күшті. Баяғыда тальгоға таңданып едік. Ал мына вагон өте күшті екен. Қуаныштымыз!», – деді жолаушы Бақытжан Сеулов.

2030 жылға дейін дәл осындай штадлер пойыздарының 557 данасы халық игілігіне беріледі. Ал жыл соңына дейін бұның санын 100-ге жеткізу жоспарланған.

Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астанадан

Оқи отырыңыз: Астанадан жаңа пойыз рейске шықты

Толық көрсету