Рәміздер күні қарсаңында 34 сәби дүниеге келді

04.06.2025 14:43

Жас аналардың кеудесіне көк туымыз бейнеленген мерекелік төсбелгі тағылды

Aditya Romansa/unsplash.com/

Елордада Рәміздер күні қарсаңында 34 сәби дүниеге келді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

Мәдениет және ақпарат министрлігі, "Геральдикалық зерттеу орталығының" ұйымдастыруымен Астанадағы №3  көпбейінді қалалық аурухананың акушерлік блогында сәбилердің аналарына құрмет көрсетілді. Жас аналардың кеудесіне көк туымыз бейнеленген мерекелік төсбелгі тағылды. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атынан құттықтау хаттарды Геральдика орталығы директорының міндетін атқарушы Шерхан Талап табыстады. Аналардың құшақтары гүлге толтырылып, естелік сыйлықтар берілді.

Айта кетерлігі, дүние есігін ашқан 34 баланың 17-сі – ұл, 17-сі – қыз бала.

Іс-шараға министрлік өкілдері мен Еңбек сіңірген қайраткер, әнші Светлана Айтбаева арнайы қатысты.

"Бүгін өте әсерлі сәтке куә болдық. Еліміз, Отанымыз үшін маңызды мереке – Рәміздер күні қарсаңында ырымдап қазаққа қызмет ететін балалары дүниеге келген аналарды құттықтадық. Бір қуантатыны – аналардың жүздері жарқын, көңілдері тоқ. Төртінші, бесінші бөпелерін дүниеге әкеліп жатыр. Бұл дегеніміз ұлтымыздың өсетінін, ертеңіміздің, болашағымыздың ұзақ болатынының көрінісі деп санаймын. Ұрпақтарымыз ғұмырлы болсын! Орны ерекше мереке құтты болсын!" – деді Светлана Айтбаева.

Айта кетерлігі, Светлана Айтбаева да өз атынан жас аналарға сыйлық ұсынып, Димаш Құдайбергеннің қолтаңбасы қойылған суреттерді сыйға тартты.

Үшінші сәбиін дүниеге әкелген жас ана ырымдап ұлының есімін Дінмұхаммед деп қойған.Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет – Отанға деген сүйіспеншіліктің көрінісі. Ал бұл қасиет әр азаматтың бойына тал бесіктен бастап даруы қажет.

Оқи отырыңыз: Құрбан айт күні ХҚКО-лар қалай жұмыс істейді