Әрбір ата-анаға ой салатын оқиға: ІІМ жаңа деректі драма жариялады

10.06.2026 09:14

Бір қателік адам тағдырын өзгертіп жіберуі мүмкін

polisia.kz

Ішкі істер министрлігі шынайы оқиғаға негізделген деректі драманы ұсынды. Туынды бірқатар қате шешімдердің салдарынан өмірі күрт өзгерген Дамир есімді жігіттің оқиғасы туралы, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Бір кездері ол да өз қатарынан қалмауды қалаған қарапайым жасөспірім болатын. Алайда оның дұрыс емес ортаға тап болуы және тыйым салынған заттарға деген қызығушылығы өміріне балта шапты.

Оңай ақша табуды көздеген Дамир есірткі таратумен айналысуды бастады. Бірақ заңсыз әрекеті оны темір торға қаматты.

Түзеу мекемесінен бір күнге шығуға мүмкіндік алған жігіт жасөспірімдер мен олардың ата-аналарына үндеу жасады: бір қателік адам тағдырын өзгертіп жіберуі мүмкін.

Деректі драма жастардың есірткі ортасына қалай тартылатынын, тәуелділіктің қалай қалыптасатынын және адамның біртіндеп қылмыстық әрекетке қалай араласатынын көрсетеді.

Фильм ең алдымен ата-аналарға арналған. Ол жасөспірімдердің бойындағы алаңдатарлық белгілерді дер кезінде байқап, қажетті шара қабылдауға көмектесуді көздейді.

Сонымен қатар жеткіншектерге өз әрекеттерінің салдарын түсінуге, ал педагогтер және жастармен жұмыс істейтін мамандарға тәрбиелік құрал ретінде пайдалануға мүмкіндік береді.

Кейде ашық әңгімелесу адамды қателіктен сақтап қалуы мүмкін. Кей жағдайда мұндай әңгіме фильм арқылы айтылады.

- Бұл оқиға кем дегенде бір жасөспірімге қауіпті таңдаудан бас тартуға, ал ата-анаға мәселені дер кезінде байқап, өз баласына көмек қолын созуға көмектеседі деп үміттенеміз.

Егер фильмді көргеннен кейін адам тағдыры сақталып қалса, онда бұл еңбектің зая кетпегені, - деп атап өтті ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті.

Оқи отырыңыз: 10 маусымға арналған валюта бағамы