Референдумда кімдер дауыс берді

Отандастарымыз таңғы 7:00-ден бастап, өздерінің азаматтық ұстанымдарын білдірді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ел тарихындағы елеулі оқиғаны бүгін қазақстандықтар назардан тыс қалдырмады. Отандастарымыз таңғы 7:00-ден бастап, өздерінің азаматтық ұстанымдарын білдірді. Сайлау учаскелеріне барып, дауыс бергендер қатарында Мемлекет басшысы, Премьер-министр, Сенат, Мәжіліс төрағалары бар, деп хабарлайды Almaty.tv.

Тәуелсіздік алғалы елімізде референдум осымен 4-рет өткізілді. Бұл жолғы тарихи оқиғаның маңызы ерек. Қазақстандықтар бүгін атом электр стансасының құрылысы бойынша референдумда өз ұстанымдарын білдірді. Таңмен таласып, дауыс беруге ағылған жұрттың қарасы қалың болды. Қатарында Мемлекет басшысы да бар. Қасым-Жомарт Тоқаев көппен бірге Астанадағы №211 референдум учаскесіне барды. Тілшілер қауымы Президентке көктемгі су тасқыны мен пәндік олимпиада жайлы сұрақтарын қойды. 7 ай бұрын жасақталған министрлер кабинетінің жұмысы жайлы да сөз қозғалды. Мемлекет басшысы Үкіметтің атқарып жатқан шаруаларына қатысты өз ойын айтты.

"Менің ойымша, Үкімет елдің дамуы үшін қарқынды жұмыс істеп жатыр. Тырысып жатқанын байқаймын. Алға қойған тапсырмаларды орындайды. Бұқаралық ақпарат құралдарына жарияланған материалдарды оқимын. Бақылаймын. Біздің басты мақсатымыз – Қазақстанның экономикасын алға жылжыту екенін еске саламын", – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Бүгін еліміздің бірінші Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та өз таңдауын жасады. Ол елордадағы «Астана опера» театрында орналасқан референдум учаскесінде дауыс берді. Ал Сенат спикері Мәулен Әшімбаев саяси науқанның ел өміріндегі маңыздылығына тоқталды. Жоғары палата төрағасы елордадағы №164 учаскеде дауыс берді.

"Кез келген шешім Қазақстанды толыққанды дамыған демократиялық мемлекет ретінде қалыптастыруға бағытталып жатыр. Президентіміздің барлық соңғы уақыттағы реформалары осы мақсатқа жұмыс істеп жатыр", – деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Ерлан Қошанов та маңызды күннен қалыс қалмады. Мәжіліс төрағасы Астанадағы №163 учаскеде дауыс берді. «Мемлекет болашағы үшін халық шешім қабылдайды» деген төменгі палата спикері референдумда халықтың белсенділігі жоғары екендігін жеткізді.

"Шешімді халық қабылдап отыр. Осыған дейін Конституциялық реформаны қабылдадық. Бұл реформаның негізгі мақсаты қандай? Осы тұрғыда әр адамның мемлекеттің саяси өміріне емін-еркін араласуына барынша екпін қойылды. Бүгін соның нақты көрінісін байқап отырмыз", – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов.

Ал Ұлттық кітапхана ғимаратында мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин дауыс берді. Ол Астанадағы №164 учаскеде өз таңдауын жасады. Мемлекеттік кеңесшінің сөзінше, Қазақстан – ТМД мен Орталық Азия аумағында референдум өткізіп отырған жалғыз мемлекет.

"ТМД кеңістігіндегі, Орталық Азияда осындай мәселе бойынша референдум өткізіп отырған жалғыз, бірден бір мемлекетпіз. Мұның өзі де көп нәрсені аңғартады. Елімізде мемлекет пен қоғам, азаматтар арасында мемлекеттің болашақта дамуын анықтайтын өзекті мәселелер бойынша өзара кеңесу, талқылау жаңа саяси дәстүрі қалыптасып келе жатыр", – деді ҚР мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин

Премьер-министр Олжас Бектенов те жалпыұлттық референдумға қатысты. Үкімет басшысы Астанадағы әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында орналасқан №61 дауыс беру учаскесінде өз таңдауын жасады. 

Кәмшат Мұхамеджан, Дастан Темірбекұлы, Астана

Новости партнеров