Референдумға дейін:
2
күн
16
сағат
33
минут

Референдум: 31 мемлекеттен келген 185 журналист еліміздегі саяси науқаннан ақпарат таратады

Ресми дерекке сәйкес, шетелде дауыс беруге 14 мың 230 адам құқығы бар

Жаңалықтармен бөлісіңіз

15 наурызда өтетін референдум барысын шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары да кеңінен жариялайды. 31 мемлекеттен келген 185 журналист еліміздегі саяси науқаннан ақпарат таратпақ. Бұл туралы Орталық референдум комиссиясының отырысында мәлім болды.

Таяу Шығыстағы қақтығысқа байланысты шетелдегі дауыс беру учаскелерінің саны қысқарды. Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің мәліметінше, бастапқыда 62 елде 80 дауыс беру учаскесін ашу жөнінде шешім қабылданған. Алайда қалыптасқан жағдайға байланысты бұл көрсеткіш қайта қаралып, қазір учаскелер саны 71-ге дейін қысқартылды. Қазіргі ресми дерекке сәйкес, шетелде дауыс беруге құқылы азаматтардың саны 14 мың 230 адам.

«Таяу Шығыстағы әскери саяси жағдайдың шиеленісуіне орай, сондай-ақ бірқатар елдердегі қауіпсіздіктің төмен деңгейін ескере отырып, 10 елдегі 11 учаскенің жұмысын тоқтату туралы шешім қабылданды. Осылайша қазіргі тұста референдум кезінде 54 елдегі орналасқан Қазақстан Республикасының шетелдік өкілдіктері жанына 71 учаске жұмыс істейтін болады», – деді ҚР Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар бойынша елшісі Ерлан Әлімбаев.

 Референдумға республика бойынша 12 миллионнан астам азамат қатысады деп күтілуде. Жалпы саны 10 мың 413 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді. Оның ішінде 9 мың 779 учаске азаматтарды тіркеу орындарында орналасса, 634 учаске уақытша тіркеу орындарында ашылады. Сондай-ақ Конституция жобасының мәтіні әрбір дауыс беру учаскесінің ғимаратына ілініп, азаматтардың танысуына мүмкіндік жасалады.

«Өңірлерде референдумды ұйымдастыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өткен жөн. Дауыс беру учаскелерінің материалдық техникалық дайындығы, инфрақұрылымдық және ақпарттық қамтамасыз ету мәселелері белгіленген талаптарға сәйкес ұйымдастырылуда», – деді Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.

 Астана қаласының аумақтық сайлау комиссиясы дауыс беру жәшіктерін, референдумға қатысты ақпараттық материалдарды және бюллетеньдерді қабылдап алған. Олар шетелдегі учаскелерге дипломатиялық курьерлер арқылы жеткізілетін болады.

Мәди Бижан, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астана

Оқи отырыңыз: Референдумға 12 миллионнан астам азамат қатысуға құқылы

Новости партнеров