Референдум: Алматыда 600-ден астам сайлау учаскесі дайын

02.10.2024 17:22

6 қазанда сайлау учаскелері таңғы 7:00-де ашылып, кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейді

Қоғам назарындағы АЭС-тың құрылысына қатысты жалпыхалықтық дауыс беру, референдумға санаулы күндер қалды. Алматы қаласында 6 қазанда 600-ден астам сайлау учаскесі жұмысын бастауға дайын. Референдумға әрбір қазақстандықтың белсенді қатысуын қамтамасыз ету үшін бұл жолы жаңа платформа мен өзгерістер енгізіліп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Референдумға Алматы қаласында 1 миллион 200 мыңнан астам адам қатыса алады. Мегаполис – ел аумағы бойынша ең көп сайлаушылар тұратын аймақ. Референдум күні 4 мыңнан астам адам учаскелік және аумақтық комиссияда жұмыс істейді. Қазіргі қарқынды түрде дайындық істеліп жатыр. Жастардың қатысуын арттыру үшін цифрлық технологияларды қолдану мүмкіндігі қарастырылған.

"Қазір барлық учаскелер дайын. Халықты ақпараттандыру жөніндегі учаскелік комиссия қарқынды жұмыс істеп жатыр. Биыл нақты міндет қойылды, дауыс беруге құқығы бар әрбір азаматқа ақпарат беріп, шақырту жетуін қадағалау. Қазірдің өзінде 80 пайызға жуық тұрғын шақыруын алды. Онда барлық ақпарат жазылған", – деді қалалық аумақтық комиссияның төрағасы Айгүл Қалықова

Елде тіркеуде жоқ азаматтар да алдағы референдумда дауыс бере алады. Алматыда 40 учаскеде біркүндік тіркеу пункттері ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар 172 дауыс беру орындарында өзін тізімінен таппаған азаматтарға тіркеу мәртебесін тексеру үшін арнайы қызмет орнатылған. Ал егер тіркеуі расталса, автоматты түрде белгілі бір учаскенің тізіміне енгізіледі.

Денсаулығына байланысты  немесе отбасының науқас мүшесіне күтім жасау себебімен сайлау учаскесіне келе алмайтын алматылықтар дауыс беру күні өтініштерін жіберіп, оларға арнайы жәшікпен қызметкерлер келіп, тұрғылықты мекенжайы бойынша дауыс беруге мүмкіндік алады.

"Үш арнайы сервис бар. Ол қала әкімдігіндегі арнайы “Open Almaty” сайты,  телеграм бот,  сондай-ақ арнайы QR кодтар жіберіп отырмыз. Ақпараттық заманда өмір сүргеннен кейін, әрбір азаматтың қолында смартфон бар. Кез келген учаскеге келіп, QR код арқылы ЖСН жазып, қай учаскеде, қай жерде дауыс беретінін біле алады", – деді аумақтық референдум комиссиясының мүшесі Қазбек Майгелдинов.

6 қазанда сайлау учаскелері таңғы 7:00-де ашылып, кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Еліміздегі дауыс беру құқығына ие азаматтардың жартысынан көбі қатысқан жағдайда ғана референдум “өтті” деп саналады.  Әйкерім Пернебек, Адель Ақжаркенова, Мейрам Исабеков 

Оқи отырыңыз: АЭС салынса, электр қуаты арзандауы мүмкін