Дауыс беру бойынша Шымкент қаласы көш бастап тұр
Республикалық референдумда қазақстандықтардың 39 пайызы таңдау жасап үлгерді. Сағат 12:00-дегі жағдай бойынша 4 млн 800 мыңнан аса азамат бюллетень алған. Аймақтардағы саяси науқан барысын Орталық референдум комиссиясы бақылап отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Келіп түскен соңғы ақпарға сүйенсек, дауыс беру бойынша Шымкент қаласы көш бастап тұр. Түске дейін шаһар тұрғындарының 57 пайызы таңдау жасап үлгерген екен. Ал екінші орында 46 пайызбен Қарағанды облысы тұр. Ал үштікті Ақмола облысы 45 пайызбен түйіндейді. Елдегі сайлау учаскелері таңғы сағат 7.00-ден бастап жұмыс істеп жатыр. Жалпы, қазақстандықтардың маңызды күнге бір кісідей атсалысып жатқанын байқауға болады.
«Сағат 12.00-дегі жағдай бойынша республиканың 4 млн 804 мың 102 азаматы бюллетень алды. ол тізімге енгізілген азаматтардың 39,23 пайызын құрады», - деді ҚР Орталық референдум комиссиясының мүшесі Шавкат Өтемісов.
Қазір елде дауыс беру құқығына ие 12 млн 244 мың 683 адам бар. Таңдау жасайтын тұрғындардың ең көбі Түркістан облысында тіркелген. Бүгінгідей маңызды күнде оңтүстікте 945 референдум учаскесі жұмыс істеп тұр.
Жалпы, отандастарымыз кешкі сағат 20.00-ге дейін таңдау жасап үлгеруі тиіс.
Оқи отырыңыз: Алматыда сайлау учаскелерінде кезек байқалады